Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтер арасында қызу талқыланып жатқан біліктілік тестін алып тастауға қатысты тың мәлімдеме жасады. Министр шешім уақытша емес, түпкілікті екенін ерекше атап өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желідегі ұстаздардың пікірін мұқият оқып отырғанын айтқан министр, реформа қоғамның көңілін аулау емес, мұғалімдердің жүктемесін шынайы жеңілдету мақсатында жасалған жүйелі қадам деп сендірді.
«Бұл жарты жыл немесе бір жылдан кейін қайта келетін уақытша шара емес. Мұғалімдер біліктілік тестін бұдан былай тапсырмайды! Біз бұл кезеңді толық алып тастадық. Бірақ тестілеу университетті енді бітіріп, педагогика саласына енді ғана келген жас мамандар үшін міндетті болып қала береді. Өйткені оларға өз біліктілігін бастапқы кезеңде бір рет растау қажет», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Жаңадан келген жас педагогтер екі жыл жұмыс істеген соң «педагог-модератор» санатын алу үшін тестілеуден бір мәрте өтеді. Ал өзге мұғалімдер үшін бұл сынақ мүлдем болмайды.
Министрдің айтуынша, осынау өзгеріс бұрыннан келе жатқан жетістіктерді жоққа шығармайды. Қазір аттестациядан өтіп жатқан педагогтер процесті жоспарға сай аяқтайды және қосымша қаржылай қолдауға ие болады.
«Қазіргі таңда аттестация кезеңі келген 50 мыңға жуық педагог жоспарлы тестілеуден өтеді. Ал қыркүйектен бастап оларға тиесілі жалақы үстемелері қосылады», – деп қорытындылады министр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







