Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын біртіндеп 63-ке дейін жеткізу мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай үкіметтің мұндай шешім қабылдау себептерін түсіндіріп, егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамту үшін қандай шаралар қарастырылғанын айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңнама бойынша, әйелдердің зейнет жасы 2031 жылға қарай ерлердің жасымен теңесіп, 63 жасқа жетеді. Вице-министрдің айтуынша, мұндай шешім 1998 жылдан бастап Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкендіктен қабылданған. Яғни, болашақ зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен жинақталған қаражатқа тікелей байланысты болып отыр.
«Шынында да, әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа жеткізу туралы шешім қабылданды. Себебі 1998 жылдан бері жинақтаушы жүйеге көшкен елімізде еңбек өтілі мен жинақтаған қаражатыңыздың көлемі маңызды рөл атқарады. Егер еңбек өтілі қысқарса, зейнетақы көлемі де соған сәйкес азаяды», – деді Виктория Шегай.
Вице-министрдің айтуынша, әйелдердің 63 жасқа дейін жұмыс істеуі болашақ зейнетақы жинағын молайтып, қарттық шағында жақсы өмір сүруге мүмкіндік береді.
«Күміс жас» арнасы жобасы туралы не белгілі?
«Жасы 53-55-тен асқан әйелдерді ешкім жұмысқа алмайды» деген алаңдаушылыққа жауап ретінде министрлік арнайы шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, егде жастағы тәжірибелі әйелдерді жұмысқа алған компанияларға мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Мысалы, «Күміс жас» арнайы жобасы осы бағытта іске асуда.
«Біз егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Атап айтсақ, жұмыс берушілерге тәжірибелі мамандарды жұмысқа алғаны үшін жалақысының бір бөлігін субсидиялаймыз. Бұл компанияларға зейнетке жақын жастағы қызметкерлерді жұмыста қалдыруға және жаңа жұмысқа алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, егде қызметкерлер үшін қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламалары іске қосылды», – деп түсіндірді Виктория Шегай.
Министрлік субсидия мен қайта оқыту бағдарламалары арқылы әйелдердің еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға бейімделуін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Мақсат 63 жасқа келгенде әйелдің еңбек өтілі мол, кәсіби деңгейі жоғары болып, зейнет жасына қиналмай жетуі.
Дегенмен, министрлік 50-ден асқан әйелдерді жұмысқа қабылдау мәселесін ерекше бақылауда ұстап отырғанын да атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







