Атырау облыстық полиция департаментіндегі қызметтік тексерістен кейін бірнеше жоғары лауазымды басшы қызметінен шеттетілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі тұрақты түрде жүргізетін жоспарлы тексеріс барысында Атырау облысы полиция департаментінің жұмысында бірқатар өрескел кемшіліктер анықталды. Нақты айтқанда, қызметтік-әскери тәртіпті сақтау мен жұмысты ұйымдастыруда және бақылауда айтарлықтай заң бұзушылықтар болған.
Осыған байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметінен шеттетілгендер:
- Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы;
- Атырау облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы;
- Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлік өз қатарындағы заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтау жұмысын қатаң бақылауда ұстап келеді.
«Министр бұған дейін бірнеше мәрте атап өткендей, ішкі істер органдарында тәртіп орнату бойынша ұстанымымыз берік әрі өзгеріссіз қалады», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Алдағы уақытта осы іске қатысты қосымша ақпарат жарияланады деп күтілуде. Айта кетелік, бұған дейін Ішкі істер басшысы Ержан Сәденов әл-Фарабидегі апатқа қатысты тың мәлімет берген-тұғын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







