Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов ұсталды деген ақпарат тарады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шенеунік өз кабинетінде шамамен 4 миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған болуы мүмкін.
Әзірге құқық қорғау органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми түрде бұл ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Жағдайға жақын дереккөздерден түскен мәлімет бойынша, лауазымды тұлғаны жұмыс орнынан арнайы қызмет өкілдері алып кеткен.
Қазір оның кабинеті жабық, ал телефоны жауап бермейді. Әкімдік те осы оқиғаға байланысты тіс жармай отыр.
Келесов туралы не белгілі?
Еркін Келесов Тараз қаласының тумасы, мамандығы бойынша бұғалтыр. Шымкенттегі кәсіптік училищені, кейін Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын салық органдарында бастаған, басшылық қызметтерде де болған.
2016 жылдан бастап әлеуметтік бағдарламалар саласында басшылық қызмет атқарған. 2023 жылы мемлекеттік сатып алу басқармасына аз уақытқа ауысып, кейін әлеуметтік салаға қайта оралған.
Жағдайдың қоғам назарын аударуы тегін емес
Себебі өңірдің әлеуметтік қорғау саласы бұған дейін де ірі жемқорлық дауына ілінген. 2021 жылы бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің ағасы Тимуржан Нұрымбетов сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сол істе облыс әкімдігі мемлекеттік құпиялар бөлімінің басшысы Нұрзипа Романова, ардагерлер мен мүгедектермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Аида Өтеулина және екі кәсіпкер де жазаға тартылған.
Келесовке қатысты күдік жалғыз эпизод ретінде емес, әлеуметтік сала төңірегіндегі ескі жараның қайта ашылған көрінісі ретінде қабылданып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







