Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері депутаттар ұсынған ит ұстағаны үшін салық енгізу идеясын қолдамай отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шыққан ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бастаманың шикі әрі мақсатсыз екенін жеткізді.
«Алдымен жан-жақты талқылау қажет. Салық енгізудегі негізгі мақсат не? Иттерді күтіп-бағу ма, әлде олардың санын азайту ма? Салық енгізсек, азаматтардың көбі үй жануарларынан бас тартуы мүмкін», – деді Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жаңа Салық кодексі аясында төлемдер мен алымдар санын шамамен 30%-ға қысқартқан. Жаңа салық енгізу аталған саясатқа қайшы келеді, әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы ықтимал.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та әріптесінің сөзін қуаттап, ұсынысты іске асыруға күрделі әкімшілік жүйе керек екенін еске салды.
«Егер осындай салық енгізсек, жануарлардың есебін толық жүргізу, тіркеу және тұрақты инвентаризациялау қажет болады. Нақты мақсатты анықтау маңызды – бюджетті толтыру ма, әлде жауапты ит ұстауға ынталандыру ма? Қазір бюджетті үй жануарлары есебінен толықтыру міндеті жоқ. Керісінше, адамдарды жануар ұстаудан бас тартуға итермелейтін шараға айналуы мүмкін», – деді Біржанов.
Айта кетейік, сәуірдің басында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген өзгерістер талқыға түскен еді. Онда қаңғыбас иттерді ұстау мерзімін қысқарту, эвтаназияны енгізу, үй жануарларын чиптеу, иелерінің жауапкершілігін күшейту секілді талаптар бар. Депутат Магеррам Магеррамов болса, иттерге салық енгізуді ұсынып, бастамасын қаңғыбас жануарларды азайтумен байланыстырған.
Алайда Үкімет бұл мәселе қосымша талқылауды қажет ететінін, дәл қазір күн тәртібінде тұрмағанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







