Қазақстанда мамыр айы әдеттегіден жылырақ өтуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» синоптиктері ұсынған консультативтік болжамға сай, ел аумағында ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градус жоғары қалыптасады.
Мамыр, әдетте, көктемнің аяқталып, жазға ауысатын шағы саналады. Дәл осы кезеңге құбылмалы ауа райы, жылудың біркелкі жиналмауы және ұзақ жылы күндерден кейін салқынның қайта оралуы тән.
Синоптиктердің есебінше, биыл айлық орташа ауа температурасы Қазақстанның басым бөлігінде +14…+19 градус аралығында болады. Елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және қиыр оңтүстік-шығысында +20…+24 градус шамасы күтіледі. Ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы өңірлерде орташа температура +12…+14 градус деңгейінде қалыптасады.
Сонымен қатар оңтүстік аймақтарда аптап айқын сезілуі ықтимал. Кей тұста ауа температурасы 44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Жауын-шашынға келсек, республика аумағының басым бөлігінде мөлшер климаттық нормаға жуық болады. Ал бірқатар өңірде жауын аз түседі деген болжам бар. Мұндай аймақтар қатарына Қызылорда облысы, Ұлытау өңірі, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысы, Қостанай облысының оңтүстігі, Алматы облысының солтүстік жартысы, Ақмола облысының қиыр оңтүстігі, Жетісу облысының солтүстік-батысы және Абай облысының қиыр оңтүстік-батысы енген.
Сөйтіп, алдағы мамыр бір өңірге ерте жаздың лебін әкелсе, енді бір аймақта құбылмалы көктем мінезін сақтап қалуы ықтимал. Яғни елді біркелкі жылу емес, алма-кезек ауысатын аптап пен салқын кезеңдер күтіп тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







