Жетісу облысында жол, газ, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаратал ауданының тұрғындарымен кездескен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2 пайызға, құрылыс көлемі 9,7 пайызға, сауда 3,5 пайызға, байланыс қызметі 5,8 пайызға ұлғайған. Тұрғын үйді пайдалануға беру 11 пайызға өссе, көлік және қоймалау қызметі 1,4 есеге артқан. Облыс экономикасына 610,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 12,8 пайызды құраған.
Өңір басшысы жол инфрақұрылымына арнайы тоқталды. Оның сөзінше, облыстағы республикалық маңызы бар жолдар толық жөнделген. «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» бағыттары пайдалануға берілген, «Сарыөзек – Көктал – Қорғас» жолы жаңғыртылған. 2025 жылдан бері «Алматы – Талдықорған» трассасына күрделі жөндеу жүріп жатыр, жоба 2027 жылы аяқталуы тиіс. Ал қазір «Талдықорған – Үштөбе» автомобиль жолына орташа жөндеу басталған. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96 пайызға дейін жетпек.
Газдандыру жұмысы да өңірдегі ең ірі бағыттың біріне айналған. Облыс құрылғаннан бері газға қолжетімділік 27 пайыздан 67 пайызға дейін көтерілген. Бүгінде Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен газдандырылған. Қалған 16 ауылды газға қосу ісі биыл аяқталуы керек. Сонымен бірге өткен жылы «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін жеке инвестициялар есебінен жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.

Газ тарту жұмыстары осы жылы басталады. Аталған жобалар толық іске асса, 2028 жылға қарай облыста 210 елді мекенге газ жетіп, 652 мыңнан астам адам, яғни халықтың 93,8 пайызы табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Кездесуде Қаратал ауданының дамуына қатысты аудан әкімі Ұлан Досымбеков те есеп берді. Оның мәліметінше, ауданда өнеркәсіп саласында 4,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға 21,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнесті дамыту аясында 3 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісінен бюджетке 1,3 млрд теңге салық түскен.
Өткен жылы аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 13,3 млрд теңгені құраған. Тұрғын үй құрылысы 126 пайызға орындалып, 19 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. Қазір ауданның 35 елді мекенінің 34-і орталықтандырылған ауыз сумен, 16-сы табиғи газбен қамтылған. Ауылдарды газдандыру жалғаса береді. Үштөбе қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы магистралды жылу трассасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жүйенің сапасы жақсарған.
Әлеуметтік инфрақұрылымда да оң өзгеріс бар. Былтыр Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп пен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өткен. Оған қоса 5 мектепке ағымдағы жөндеу жасалған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 6 ауылда медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілген.
Орталық аудандық аурухананың «В» блогы мен Жаңаталап ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ Жасталап ауылында және Үштөбе қаласында жедел жәрдем қосалқы станциясына арналған жаңа ғимараттар ашылған. Биыл Кәлпе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мәдениет пен спорт салаларындағы нысандарды жаңарту да жалғасуда.
Контекст
Кездесу соңында Бейбіт Исабаев Қаратал ауданы өткен жылдың қорытындысында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге жеткенін айтты. Соған қарамастан алда тұрған міндет те аз емес екенін ескертті. Облыс әкімі ауданға инвестор тарту, ет-сүт өндірісін күшейту, балық өсіру мен оны терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесте өнеркәсіп үлесін көбейтуді аудан әкіміне жеке бақылауға алуды тапсырды. Ирригация жүйесін қалпына келтірумен қатар, су үнемдеу технологиясын енгізу және егістік көлемін ұлғайту керектігін де айтты. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, салынып жатқан нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету де міндет ретінде қойылды.
Жиын барысында тұрғындар да өз сауалдарын қойды. Соның бірі – жетім балаларды қамқорлығына алған патронат ана, «Байтақ» партиясының Қаратал аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Қабылбекованың балалар музыка мектебін салу туралы ұсынысы болды. Облыс басшысы ауданда мәдениет үйінің құрылысы жоспарланып отырғанын айтып, мәдениет нысаны мен музыка мектебінің қайсысы бірінші кезекте қажет екенін нақтылап, мәселені қарастыруды аудан басшысына тапсырды.
Осы сапар аясында Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғын үй мен жол құрылысына қатысты сұрақтарына жауап берді. Аймақ басшысы мұндай жұмыстардың бәрі Президент жүктеген міндеттер аясында халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталғанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







