Ақтөбе облысында жоғалған 10 жастағы Мансұр Саматовты іздеу жұмысы Ресей аумағына дейін кеңейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Баланы іздеу он сегізінші тәулікке ұласты. Қазір іздеу операциясына 139 адам жұмылдырылған. Олардың қатарында құтқарушылар, әскери қызметкерлер мен сүңгуірлер бар. Іздеу тобы Ілек өзенінің арнасын Қазақстан мен Ресей шекарасына дейін түгел тексергеннен кейін, көрші елдің төтенше жағдай қызметіне де ресми сұрау жолданған.
Ақтөбе облыстық ТЖД өкілдерінің айтуынша, Орынбор облысының Төтенше жағдайлар министрлігі сұрауға жауап беріп, іздеуге қосылған. Қазақстан тарапы Ілек өзенінің арнасын Ресей шекарасына дейін толық қарап шыққан.
Одан әрі өзен Орынбор облысының Ақбұлақ ауданы аумағы арқылы ағады. Сол себепті аталған аудан әкімдігіне де тапсырма беріліп, жергілікті мамандар жоғалған баланы іздеуге кіріскен. Іздеу барысы жөніндегі мәлімет Қазақстан жағына тұрақты түрде жолданып отыр.
Мансурды іздеу күндіз де, түнде де тоқтаған жоқ. Ең ауыр бағыттың бірі – судағы жұмыс. Құтқарушылардың айтуынша, өзендегі ағыс қатты, ал су астындағы көріну деңгейі өте төмен. Сол себепті сүңгуірлер кей тұста түбін сипалап іздеуге мәжбүр болып жатыр. Іздеу жұмысына қатысып жүрген адамдар үшін жергілікті әкімдік тарапынан ыстық ас ұйымдастырылған.
Оқиғадан кейін ауылдағы мектепте де қауіптің алдын алуға бағытталған шара күшейтілген. Аудандық полиция, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар және мұғалімдер бірлесіп, мұндай жағдайдың қайталанбауына қатысты түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзінше, аталған аумақта суға түсуге тыйым салынған, себебі өзеннің ағысы қатты, түбі тегіс емес, шұңқыры көп.
10 жастағы Мансұр Саматов 29 наурыз күні жоғалған. Сол күні ол Сарыжар ауылындағы үйінен достарымен бірге шыққан. Кейін балалар велосипедпен өзен жаққа барған. Қасындағы балалардың айтуынша, Мансур тайып кетіп, суға құлаған. Іздеу жұмысы сол сәттен бастап дереу ұйымдастырылған.
Осы күнге дейін ауыл тұрғындары, еріктілер, құтқарушылар, әскери қызметкерлер мен полиция баланы жерден де, судан да, әуеден де іздеген. Соған қарамастан, Мансұр Саматовтың нақты қайда екені әлі анықталған жоқ.
Павлодарда шақыртуға келген жедел жәрдем көлігі шлагбаум кесірінен науқасқа дер кезінде жете алмай қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







