Қазақстанда 18-ге толған әр азаматтың тегін жер телімін алуға құқығы бар. Жер кодексінің 50-бабында бекітілген талаптың орындалуы іс жүзінде қиынға түсіп отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz Крышаға сілтеп.
Мемлекет үш түрлі мақсат бойынша тегін жер береді: жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ), жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) және саяжай салу. ЖТҚ бойынша 10 сотыққа дейін, ЖҚШ үшін суарылмайтын жерден 25 сотыққа дейін, суармалы жерден 15 сотыққа дейін, ал саяжай учаскесі 12 сотыққа дейін бөлінеді.
Тұрғын үй құрылысына бөлінетін жерге толыққанды баспана тұрғызып, оған тіркелуге және ипотека арқылы сатуға болады. Жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер де үй тұрғызып, шаруашылық жүргізуге рұқсат береді, бірақ көбіне қала маңында немесе ауылдық жерлерде орналасқан. Ал саяжайлық жерге тұрақты тіркелу мүмкін емес, жыл бойы тұруға қолайлы жағдайлар да жоқтың қасы.
Өтініш беру тәртібі қандай?
Құжат тапсыру түгелдей онлайн жүзеге асады. Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) жеткілікті. ЖТҚ үшін eGov арқылы кезекке тұрып, 10 сотық алуға өтініш қалдырады.
ЖҚШ мен саяжай телімдерін алу қиынырақ. Ол үшін:
- Мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры картасынан бос жерді өз бетімен іздеп табу;
- Таңдалған учаскенің скриншотын жасау;
- eGov порталы не ХҚКО арқылы мемлекеттік жер телімін сатып алу қызметі бойынша өтініш беру қажет.
Тұрақты тіркелім маңызды емес. Өтінішті елдің кез келген өңірінде, тұрақты тіркелген жерге қарамай тапсыруға болады. Бірнеше облыста бірден кезекке тұруға рұқсат етілгенімен, жер телімі бір ғана өңірден кезегі ерте жеткен жерден беріледі.
Кезекте қанша уақыт тұрамыз?
Кезекте тұру уақыты әдетте 5-6 жылдан бастап, 10-15 жыл, кейде одан да ұзаққа созылады. Ең ұзақ кезек – тұрғын үй құрылысына арналған жерлерде: қазірдің өзінде кезекте 4 миллионнан астам адам тұрса, жыл сайын бөлінетін учаске саны он мыңдап қана есептеледі. Алматы, Астана секілді ірі қалаларда бос жер жоқтың қасы. Себебі бөлінген жер міндетті түрде инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр жарығы) қамтамасыз етілуі тиіс, ал бұл бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді.
ЖҚШ-ға арналған жер алу біршама жеңілдеу көрінгенімен, қала маңында бос жер жоқ деуге болады. Көп жағдайда олар шалғайдағы ауылдарда орналасқан.
Процесті жылдамдатуға бола ма?
Жер алуды делдалдар арқылы жеделдету мүмкін емес. Кезек электронды түрде жүргізіледі, оған сырттан ешкім араласа алмайды. Делдалдар тек кеңес бере алады, одан артық көмек қолдарынан келмейді.
Кезегімді қалай бақылаймын?
Өтініштің статусын:
- eGov порталындағы өтініштер бөлімінен;
- Жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастр жүйесіндегі жеке кабинеттен көруге болады.
Осы жерде кезектегі орныңыз, өтініш берген күніңіз және қазіргі жағдай туралы ақпарат ашық жазылады.
Жер алдым, ары қарай не істеймін?
Жер алу бастапқы қадам ғана. Ары қарай үй салу (ЖТҚ мен ЖҚШ үшін) немесе белгіленген мақсатта пайдалану (саяжай үшін) қажет. Тұрғын үй қолданысқа берілгенге дейін жер телімі жалға беріледі. Үй құрылысы аяқталған соң ғана меншік құқығы рәсімделеді. Әдетте игеру мерзімі шамамен үш жыл, нақты уақытты жергілікті әкімдік белгілейді. Егер берілген учаске пайдаланылмаса, мемлекет оны кері қайтарып алуға құқылы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







