Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық институттардың қазіргі жұмысына алаңдаушылық білдіріп, оларды жетілдіру мәселесіне жаңаша қарау қажет екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде өңірлік және жаһандық қақтығыстар жиі талқыланғанымен, нақты келіссөздер көп жағдайда БҰҰ алаңында емес, одан тыс жерлерде өтіп жатыр. Президент Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде Мевлют Чавушоғлы да осы үрдісті анық байқаған болар деген ой айтты.
Оның сөзінше, тараптар БҰҰ ғимаратында емес, жекелеген мемлекеттердің астаналарында, бөлек конференц-залдарда бас қосып жүр. Ал БҰҰ-ның жоғары өкілдері қақтығыстарды тоқтатуда шешуші араағайындық рөл атқарып жатқанын жиі көре бермейміз.
Тоқаев осы жайтты ұйым рөлінің әлсірегенінің белгісі ретінде бағалады. Президент мұны жай сырттай бақылаушының пікірі емес, БҰҰ мен өзге де халықаралық құрылымдарда жұмыс істеген адам ретінде айтып отырғанын аңғартты. Оның ойынша, қазір жұртты келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген сұрақтан гөрі, ұйымның қазіргі күйінде әрі қарай тиімді жұмыс істей ала ма деген мәселе көбірек толғандыруы тиіс.
Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдардың жұмысына жасанды интеллектінің ықпалын да терең зерделеу қажет екенін айтты. Сонымен бірге жаһандық ұйымды түбегейлі реформалау керек деген пікірін тағы да қайталады.
Президенттің сөзінше, ең өткір халықаралық түйткілдердің шешілуіне кейде Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Оның бағалауынша, мұндай жағдай оғаш көрінеді. Соның салдарынан дипломаттар мен саясаткерлер бейресми не балама алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр.
Тоқаев осы тұста өткен жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Дональд Трамп айтқан сынмен келісетінін де жеткізді. Президенттің айтуынша, Трамп сол кезде БҰҰ штаб-пәтеріндегі істен шыққан телесуфлер мен эскалаторды сынап, ұйымдағы көптеген тетік дұрыс жұмыс істемей тұрғанын ашық айтқан. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев үшін мәселенің ең ауыры техникалық ақауда емес. Негізгі түйін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдардағы бейбітшілікті сақтау үдерісінің тоқырауға ұшырауында болып отыр.
Соған қарамастан, Президент көпжақты дипломатия қағидатына адал екенін атап өтті. Ол әділдікке сүйенген бейбітшілік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың болашағына әлі де сенетінін айтты. Осы ұстанымнан аңғарылатыны, Тоқаев халықаралық институттарды жоққа шығармайды, керісінше оларды уақыт талабына сай қайта тірілтіп, нақты ықпалға ие тетікке айналдыру қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен халықаралық аренадағы ықпалы артып келе жатқанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







