Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық маусымының басталуына байланысты Меккеде күшіне енетін бірқатар шектеулер туралы мәлімдеді.
Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Ertenmedia.kz хабарлайды.
ҚМДБ мәліметінше, Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің Мекке әл-Мүкәррәмә аймағындағы филиалы қажылық маусымының басталуына орай бірқатар маңызды ережелер тізімін жариялаған.
«Қабылданған шаралар қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құлшылық рәсімдерін тыныш әрі ұйымдасқан жағдайда өткізу мақсатында енгізілді», – деп хабарлады діни басқармадан.
Күшіне енетін негізгі талаптар
- 18 сәуір мен 31 мамыр аралығында Nusuk платформасы арқылы ұмра (кіші қажылық) жасауға рұқсат беру уақытша тоқтатылады;
- 18 сәуірден бастап арнайы қажылық визасы бар адамдарды қоспағанда, басқа барлық виза түрлерінің иелеріне Мекке қаласына кіруге және онда болуға қатаң тыйым салынады.
«Билік өкілдері аталған талаптарды бұзу Сауд Арабиясы Корольдігінің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Сауд Арабиясының құзырлы органдары барлық азаматтарды, соның ішінде шетелдіктерді де қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қажылық маусымын ұйымдасқан түрде өткізу үшін бекітілген тәртіпті қатаң сақтауға шақырады», – деп еске салды ҚМДБ.
Айта кетелік, бұған дейін танымал депутат Ермұрат Бапи мүфтият қатысты даулы мәлімдеме жасап, жалған имамдарды сынға алған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







