Алматыда алаяқтар Мемлекеттік кірістер департаментінің атын жамылып, жалған салық есептілігін тапсыру туралы талаптар тарата бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мессенджерлерде жаңа алдау тәсілі пайда болған. Қаскөйлер WhatsApp арқылы өздерін Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы ретінде таныстырып, азаматтар мен кәсіпкерлерге шұғыл түрде салық нысандарын тапсыру қажет екенін хабарлап жатыр.
Олар жалған «қызметтік жазба» мен «талап» жолдап, 200.00, 300.00 және өзге де есептілік формаларын 2026 жылғы 21 сәуірге дейін өткізу керек деген мәлімет таратқан.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Ведомство мұндай құжаттар жібермегенін және тараған хабарламалардың Қазақстанның салық заңнамасына еш қатысы жоғын атап өтті.
Сондай-ақ салық органдарының ақпараттық жүйелері WhatsApp немесе Telegram арқылы хабарлама таратпайтыны ескертілді. Мемлекеттік кірістер қызметкерлері ешқашан жеке дерек сұрамайды, SMS-кодты айтуды талап етпейді және электрондық цифрлық қолтаңба кілтін беруді өтінбейді.
Ведомствомен тек ресми арналар арқылы байланысу қажет. Атап айтқанда, kgd.gov.kz және egov.kz порталдарындағы салық төлеуші кабинеті, электронды құжат айналымы жүйесіндегі жазбаша хабарламалар, 1414 бірыңғай байланыс орталығы, gov.kz платформасындағы ЕПИРГО ресурсы және мекеменің расталған әлеуметтік желідегі парақшалары ғана сенімді дереккөзі саналады.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бухгалтерлер мен кәсіпкерлерді барынша сақ болуға шақырды. Күдікті сілтемеге өтпеу, бөгде шотқа ақша аудармау және кез келген талапты тек ресми мемлекеттік сервистер арқылы тексеру қажет екені ескертілді.
Қазақстанда тауар сатып алған не қызмет пайдаланған адамға фискалдық чек берілмесе, тұтынушы мұндай заңбұзушылықты тіркеп, уәкілетті органға шағым түсіре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

