Қазақстанда 2026 жылғы 19 сәуірден бастап валюталық бақылау талаптары күшейтілді. Ұлттық банк валюталық операцияларды мониторингтеу ережелерін жаңартты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді Қазақстанда жұмыс істейтін банктер мен бейрезидент банктердің филиалдары валюталық операцияларға қатысты құжаттар, мәліметтер мен есептерді Ұлттық банкке тұрақты түрде тапсыруға міндетті.
Банктер ай сайын аяқталған валюталық операциялар жөнінде есеп береді. Есепке шекті көлемге жеткен мәмілелер және шетел валютасын сатып алу мен сатуға байланысты жекелеген операциялар енгізіледі. Жеке тұлғалар бойынша 10 мың АҚШ долларына тең немесе одан жоғары көлемдегі операциялар, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз түрде 1000 доллардан асатын валюта сатып алу және сату деректері көрсетіледі.
Банктердің өз операциялары бойынша 50 мың АҚШ долларына тең немесе одан жоғары мәмілелер бақылауға алынады. Ал шетел валютасын сатып алу мен сату операциялары кей жағдайда сомасына қарамастан есепке енгізіледі. Есептер есепті айдан кейінгі келесі айдың 10-күнінен кешіктірілмей Ұлттық банктің орталық аппаратына жолдануы тиіс.
Жаңа тәртіп валюталық келісімшарттар бойынша төлем жүргізу талабын да нақтылады. Егер келісімшартқа есептік нөмір берілсе, ол төлем құжатында міндетті түрде көрсетілуі керек. Банк сол мәліметтің дұрыстығын тексереді.
Қажетті дерек көрсетілмесе немесе қате толтырылса, қаражатты есепке алу ақпарат нақтыланғанға дейін тоқтатылуы мүмкін. Егер түскен сома 180 күнтізбелік күн ішінде сәйкестендірілмесе, банк аударымды орындамай, қаражатты жіберушіге кері қайтарады.
Сонымен қатар банктер мен валюталық бақылау агенттері валюталық заңнама талаптарының бұзылғанын анықтаса, ол жөнінде Ұлттық банкке хабарлауға міндетті.
Жаңа ереже іс жүзінде валюталық операцияларға қойылатын бақылауды күшейтеді. Кәсіпкерлік сектор үшін негізгі шек 50 мың АҚШ доллары болса, жеке тұлғалар үшін 10 мың доллар көлеміндегі операциялар ерекше назарға алынады. Кейбір қолма-қол ақшасыз валюта айырбастау мәмілелері төменгі шекпен немесе сомасына қарамастан бақылауға ілігеді.
Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем мен банк қызметіне қатысты жаңа талап күшіне енбек. Ұлттық банк бекіткен өзгерістер банктердің ақша өндіру құзыретін кеңейтіп, азаматтардың қаржы операциясына қойылатын бақылауды күшейтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

