Алматыда маусымдық аллергия биыл әдеттегіден ертерек басталып, ұзаққа созылып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жанындағы Республикалық аллергологиялық орталықтың жетекшісі, дәрігер-аллерголог Арай Батырбаева осындай мәлімет келтірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маманның айтуынша, Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірлерінде де, әсіресе балалар арасында аллергиямен ауыратындар көбейген. Өткен жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында аллергиялық риниттің шамамен 4,7 мың жағдайы, бронх демікпесінің 3 мыңнан астам дерегі тіркелген.
Жасөспірімдердегі көрсеткіш салыстырмалы түрде төмендеу. Ал ересектер арасында керісінше бронх демікпесі жиірек кездеседі. Бұл санатта 11 мыңнан астам адамнан демікпе, шамамен 7,5 мың адамнан аллергиялық ринит анықталған.
Арай Батырбаеваның сөзінше, аллергиялық ауруларды дер кезінде бақыламаса, уақыт өте келе асқынып кетуі мүмкін. Әсіресе Алматыда тозаң мөлшерінің көп болуы жағдайды күрделендіріп отыр. Оған қоса, көп адам ауруды кеш байқап, өз бетінше емделіп, уақыт өткізіп алады. Сондықтан аллергияға ерте жастан бастап мән беру қажет.
Алматыда көктем мезгілінде ағаш тозаңы қауіпті саналады. Оның ішінде қайың, қандыағаш пен терек жиі әсер етеді. Жаздың басында астық тұқымдас шөптер белсенді болады. Ал жаздың соңы мен күзде арамшөптер, әсіресе жусан мен амброзия көп қиындық туғызады. Ең ауыр кезең сәуір мен мамыр, маусым мен шілде, сондай-ақ тамыз бен қыркүйек айларына сәйкес келеді.
Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары тозаңдану маусымы ертерек басталып, ұзаққа созыла бастаған. Мұны мамандар климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Ең күрделі уақыт жаздың соңы мен күздің басына келеді. Дәл осы кезде жусан мен амброзия гүлдеп, аллергиясы бар адамдардың белгілері күшейеді.
Қазір аллергияны анықтаудың бірнеше заманауи тәсілі бар. Олардың қатарында теріге жасалатын прик-тест, қандағы арнайы IgE талдауы және аллергеннің нақты ақуызына реакцияны көрсететін компоненттік диагностика бар. Кей жағдайда тыныс алу жүйесінің жағдайын бағалау үшін спирометрия да жасалады. Мамандар осындай тексерулер нақты себепті анықтап, емді дәл таңдауға көмектесетінін айтады.
Климат өзгерді – аллергия өршіді
Гүлдеу маусымында аллергиясы бар адамдарға тозаңмен байланысты азайту ұсынылады. Құрғақ әрі желді күндері, әсіресе таңертең, далада ұзақ жүрмеген дұрыс. Үйге келген соң жуынып, киім ауыстырып, мұрынды шаю керек. Үй ішінде терезені жабық ұстау, ауаны ылғалдандыру және ауа тазартқыш қолдану да пайдалы.
Дәрігерлер өзін-өзі емдеуден сақтандырады. Антигистаминдік дәрілер белгіні уақытша жеңілдеткенімен, дерттің себебін жоймайды. Егер түшкіру, қышыну, көзден жас ағу секілді белгілер жыл сайын қайталанса және ұзақ сақталса, міндетті түрде маманға қаралу қажет. Аллергияны жиі суық тиюмен шатастырып жатады. Алайда мұндай кезде дене қызуы көтерілмейді, ал белгілер созылыңқы түрде жалғасады.
Қазір ең тиімді ем тәсілдерінің бірі аллерген-спецификалық иммунотерапия саналады. Ол 3-5 жылдық курс түрінде жүргізіледі. Осындай ем ауру белгілерін азайтып, оның өршуін баяулатады. Мамандар дертті ерте анықтап, уақыт оздырмай ем қабылдау қажет екенін ескертіп отыр.
Еліміздегі темір жол құрамдарына ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы вагондар енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







