Атырау полициясының жаңа басшысы болып бұған дейін Ақтауда қызмет еткен Айдар Қасанов тағайындалды. Ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа басшы 20 сәуірден бастап қызметіне кірісті. Осыған дейін Атырау полициясының басшысы қызметін атқарған Бақтыбек Исаев қазір тергеу изоляторында жатыр. Ол 15 сәуір күні ұсталып, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен қамауға алынған. Ішкі істер Исаевқа қатысты қылмыстық іс қозғағаннан кейін, қызметтен босатып, қамауға алу туралы шешім қабылдаған болатын.
Айдар Қасанов кім?
Қасанов Ішкі істер органдарында тәжірибесі мол кадрлық қызметкер. Ол еңбек жолын Жаңаөзен қаласында тергеуші болып бастап, кейіннен түрлі тергеу бөлімдерінде қызмет атқарған. 2019 жылы Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының басшысы болып тағайындалып, кейін облыс орталығы Ақтауда басшылық лауазымдарда қызметін жалғастырды.
Айта кетерлігі, Исаев қызметінен кеткеннен кейін бұл орын біршама уақыт бос тұрды. Ақжайықтың дерегінше осы аралықта әлемжеліде жаңа басшының кандидатурасына қатысты түрлі әңгіме өрбіген. Жергілікті блоғерлер Қасановтың өңірге келуіне қарсылық танытып, аймаққа «өзіміздің адам керек» деген пікірді белсенді түрде таратқан-мыс.
Олар полиция жұмысындағы кемшіліктер мен қысым көрсету туралы мысалдар келтіріп, жаңа тағайындаудың облыстағы құқық қорғау органдары мен блогерлер арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер ететіні туралы болжам жасаған.
Қазір Атырау полициясының жаңа басшысы қызметке кірісіп, өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жұмысын бастады. Оның алдындағы басшы Бақтыбек Исаевтың қалай құрықталғанын Ertenmedia егжей-тегжейлі жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







