Қазақстанда жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, елімізде осы күні 61 мыңға жуық жетім бала баспана кезегінде тұрса, оның 43 мыңнан астамы кәмелет жасына жеткен деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат кезектің алдағы уақытта да қысқара қоюы неғайбыл екенін жеткізді.
Ең көп жетімдер кезегі Алматы облысында (7200 адам), Шығыс Қазақстанда (6400 адам), Қарағанды облысында (5900 адам), Қостанай облысында (5700 адам) және Ақтөбе облысында (3 мың адам). Басқа өңірлерде де жағдай мәз емес.
Қазақстан бойынша берілген 60 мың пәтердің ішінде жетімдерге бөлінгені бар болғаны 7 мың ғана.
Депутаттың сөзінше, жетімдер кезегі бойынша пәтер үлестіруде өрескел заңсыздықтар орын алуда. Бірнеше өңірде жетімдерге арналған пәтерлерде мүлде бөгде адамдар тұрып жатқаны анықталған. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді көшіру кезінде жетімдердің деректері жойылып кеткен жағдайлар да кездескен.
Мұның шешімі қандай?
Осы мәселеге байланысты Андрей Лукин Сенат отырысында нақты ұсыныстар айтты. Ол Оқу-ағарту министрлігі, Еңбек министрлігі және жергілікті атқарушы органдарға жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жыл сайын орындалатын көрсеткіштері мен жауапты тұлғалары айқын көрсетілген арнайы жол картасын әзірлеуді ұсынды.
Бұған қоса, жетімдер кезегі бойынша баспана үлестірудегі заң бұзушылықтар үшін жауапты шенеуніктердің жеке бас жауапкершілігін күшейту керектігін атап өтті. Сенатор осынау шаралардың жетімдердің баспана мәселесін шешуде маңызды қадам боларына сенімді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







