Елімізде мүгедектігі бар адамдар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бірқатар салық жеңілдігі қарастырылған. Мұндай жеңілдіктер әлеуметтік қорғау жүйесінің бір бөлігі ретінде отбасылық бюджетке түсетін қысымды азайтуға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өйткені мүгедектігі бар азаматтың күнделікті шығыны біршама жоғары болады. Ем, оңалту, дәрі-дәрмек, арнайы құрал-жабадықтар ерекше адамдарды қатты сынайтыны жасырын емес. Сондықтан оларға салықтық жеңілдік ауадай қажет.
Мүгедектігі бар азаматтар белгілі бір мөлшерге дейінгі табысынан жеке табыс салығын төлемей, стандартты салық шегерімін пайдалана алады. Бұл жеңілдік адамның ай сайынғы табысының бір бөлігін өз қолында қалдыруға мүмкіндік береді.
Бір қарағанда, мұндай тетік үлкен өзгеріс әкелмейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда тұрақты шығыны көп отбасылар үшін әр теңгенің орны бөлек. Әсіресе дәрі-дәрмек пен оңалту қызметінің бағасы үздіксіз өсіп отырған қазіріг заманда мұндай қолдау нақты көмекке айналып отыр.
Көлік салығы бойынша берілетін жеңілдіктің де маңызы зор. Мүгедектігі бар адам немесе ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасы үшін көлік өмірлік қажеттілік құралға айналған. Емханаға бару, оңалту орталығына жету, мектепке немесе арнайы сабаққа апару, әлеуметтік қызметке қатынау тұрақты көлікті қажет етеді.
Қоғамдық көлік барлық жерде қолайлы бола бермейді. Әсіресе арбаға таңылған адамға, аутизм спектріндегі балаға немесе тірек-қимыл жүйесінде қиындығы бар азаматқа жеке көлік үлкен жеңілдік береді.
Сол сияқты мүлік пен жер салығына қатысты жеңілдіктер де әлеуметтік әділеттілік қағидасынан туындайды. Тұрақты табысы шектеулі, денсаулығына байланысты еңбек нарығында толық мүмкіндігі жоқ немесе ерекше күтімге байланысты жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр азамат үшін салықтық жүктеменің азаюы маңызды. Мемлекет мұндай жағдайда адамның әл-ауқатын сақтауға, отбасын қосымша қысымнан қорғауға тырысады.
Ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана үшін қолдаудың орны тіпті бөлек. Мұндай отбасында күн тәртібі баланың жағдайына қарай құрылады. Бір ата-ана толық жұмыс істей алмауы мүмкін. Екіншісі баланы емхана мен мектепке алып барады. Күн сайынғы күтім эмоционалдық тұрғыдан да, физикалық жағынан да ауыр. Сондықтан салықтық жеңілдік, жәрдемақы мен медициналық көмекті ортақ жүйе ретінде қараудың маңызы зор.
Салық жеңілдігі арқылы өмір сапасын жақсарту
Қоғамда мүгедектігі бар азаматтарға қатысты түсінік те өзгеруі тиіс. Оларды тек көмек алушы ретінде көру дұрыс емес. Мүгедектігі бар адамның ішінде білікті маман, кәсіпкер, ұстаз, өнер адамы, спортшы, белсенді азамат көп. Кедергіні адамның мүмкіндігі емес, көбіне орта жасайды. Егер ғимаратқа кіретін жол ыңғайсыз болса, жұмыс орны бейімделмесе, ақпарат қолжетімсіз болса, қоғам адамды шетке ысырады. Ал орта дұрыс құрылса, адам өз қабілетін толық көрсете алады.
Жұмыспен қамту бағыты да ерекше мәнге ие. Мүгедектігі бар азаматқа тұрақты табыс пен кәсіби орта қажет. Бірақ жұмыс берушілер арасында әлі де күмән көп. Бірі жауапкершіліктен қорқады, енді бірі арнайы жағдай жасауға дайын емес. Мұндай көзқарасты өзгерту үшін мемлекет тарапынан ынталандыру, жұмыс орнын бейімдеуге қолдау, кәсіптік оқыту және қоғамға түсіндіру жұмысы қатар жүруі керек.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау тек әлеуметтік салаға жүктелетін міндет емес. Бұл еңбек нарығына, білім беру жүйесіне, денсаулық сақтау саласына, қала құрылысына, көлік инфрақұрылымына, салық саясатына және қоғамдық мәдениетке ортақ жауапкершілік. Бір министрлік немесе бір бағдарлама бәрін толық шеше алмайды. Әр сала өз шешімін адамға ыңғайлы етіп құрғанда ғана нақты нәтиже көрінеді.
Салық жеңілдігі осы үлкен жүйенің бір ғана бөлігі. Бірақ оның маңызы төмен емес. Ол отбасылық бюджеттің аз да болса жеңілдеуіне, азаматтың өз табысын тиімді пайдалануына және күнделікті қажеттілігін өтеуіне көмектеседі. Ең бастысы, мұндай жеңілдік азаматқа өз құқығын сезінуге мүмкіндік береді.
Қоғам әр азаматқа тең мүмкіндік беруге ұмтылғанда ғана шын мәнінде дамыған орта қалыптасады. Бір адамның еркін қозғалуына, білім алуына жағдай жасау бүкіл елдің адамдық кейпін көрсетеді. Сондықтан мұндай саясаттың өзегінде есеп пен жеңілдік қана емес, адамның қадірін қорғау деген үлкен ұстаным тұруы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







