Оқу-ағарту министрлігі кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік пен қысым деректерін анықтаған сәтте әрекет етуге арналған ведомствоаралық алгоритмді бекітті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп мектеп, полиция, медицина және қамқоршылық органдары арасындағы нақты үйлесімді күшейтуді көздейді. Енді бала құқығы бұзылды деген кез келген ақпарат міндетті түрде тіркеліп, белгіленген мерзім ішінде қаралады.
Ақпарат түскен бойда ол бірден тиісті органдарға жолданады. Бір сағат ішінде бала құқығын қорғау құрылымдарына жеткізіледі. Бір жұмыс күні ішінде арнайы маман тағайындалып, баланың тұрмыс жағдайы тексеріледі. Үш күн ішінде материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіледі.
Жаңа жүйеде алғаш рет кейс-менеджер институты енгізілді. Мұндай маман бала толық қорғалғанға дейін барлық процесті бақылап, әр органның жұмысын үйлестіреді.
Әлімжеттік үшін жауапкершілік те күшейді. Алғаш рет тіркелген жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанса 30 АЕК-ке дейін өседі. Қазіргі есеппен тиісінше 39 320 және 117 960 теңге.
Мектептерде алдын алу жұмысы да жаңа деңгейге көшеді
«ДосболLIKE» бағдарламасы аясында оқушылар апта сайын жанжалдарды шешу дағдыларын меңгереді, эмоциялық тұрақтылықты дамытуға көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар сынып сағаттарында жеке қауіпсіздікке арналған қысқа сабақтар қайта енгізіледі. Жылына үш рет қайталанатын тақырыптар қатарында интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтықтан қорғану, төтенше жағдай кезіндегі әрекет және зорлықтың алдын алу бар.
Әлімжеттік әртүрлі формада көрінеді. Күш көрсету, қорқыту, мазақ ету, ортадан шеттету, жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желі арқылы қысым жасау бәрі бір тізбекке жатады. Сарапшылар мұндай қысым баланың психикасына ауыр соққы беретінін айтады. Өзін-өзі бағалау төмендейді, ұзақ мерзімді психологиялық жара қалыптасады.
Жаңа алгоритм мектептегі қауіпсіздікті қағаз жүзінде емес, нақты әрекет деңгейіне шығаруды көздейді. Енді әр сигнал жауапсыз қалмайды, ал әр оқиға жүйелі түрде бақылауға алынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







