Халықаралық Coursera білім беру платформасы әлем елдеріндегі цифрлық құзыреттер мен адами дағдылардың дамуын саралаған жаңа AI-Human Skills Synergy Index 2026 көрсеткішін жариялады. Жаһандық есеп аясында ұсынылған бұл бағалауда Қазақстан 98 мемлекеттің ішінде 55-орынды иеленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа индекс нені өлшейді?
Coursera Global Skills Report 2026 аясында әзірленген жаңа көрсеткіш білім алушылардың жасанды интеллект технологияларын қаншалықты меңгергенін ғана емес, оны тиімді қолдануға қажетті адами қасиеттердің дамуын қатар тексереді. Сарапшылар мұндай негізгі құзыреттер қатарына сыни ойлауды, көшбасшылықты, байланыс орнату қабілетін және күрделі міндеттерді шеше білу машықтарын жатқызады.
Индекс онлайн білім алушылардың дағдыларды игеру қарқынын ғана емес, сол білімді мемлекет деңгейінде қолдануға жасалған жағдайларды да қамтиды. Қорытынды баға Coursera әдістемесінен бөлек, мемлекеттік саясат пен инфрақұрылымды, адами капитал мен жасанды интеллект секторын бағамдайтын Oxford Insights Government AI Readiness Index мәліметтеріне негізделген.
AI-Sana бағдарламасы мен жоғары оқу орындарының үлесі
Елде жасанды интеллект бағытын дамыту мақсатында қолға алынған кешенді шаралар отандық университеттерде кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек цифрлық дағдыларды дәстүрлі оқу жүйесімен ұштастырудың маңызын атап өтті.
«Қазақстан AI-Sana ұлттық бағдарламасын іске қосқанда цифрлық курстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз екенін түсіндік. Жүйелі өзгерістерге қол жеткізу үшін алынған білімді білім беру процесіне енгізіп, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды болды», – деді министр.
Қазіргі таңда аталған ұлттық бастамаға 100 жоғары оқу орны қосылған. Университеттер арнайы курстарды оқу жоспарларына кіргізіп, білім алушылардың нәтижесін қадағалап отыр және бағдарлама мазмұнын заман талабына сай тұрақты жаңартып келеді.
Оқытушылардың біліктілігі мен нарық талабы
Жоба аясында оқытушылар қауымының цифрлық әрі педагогикалық біліктілігін жетілдіруге басымдық берілді. Осы уақытқа дейін 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн әдістемелерді толық меңгеріп, 35 авторлық курсты әзірлеу жұмысына белсене атсалысты.
«Оқытушылардың біліктілігін арттыру арқылы жасанды интеллект саласындағы білімге жол ашып қана қоймай, студенттерді еңбек нарығының өзгеретін талаптарына жүйелі дайындай аламыз», – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Рейтинг деректері онлайн оқуға белсенді қазақстандықтардың жасанды интеллектінің техникалық қырларын ғана емес, оны практикада қолдануға қажетті іргелі біліктерді қатар меңгеруге қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш ең алдымен Coursera жүйесіндегі белсенді қолданушылардың нәтижесін сипаттайды және бүгінгі білім беру жүйесінің қай бағытта дамып келе жатқанын айқын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







