Соңғы жылдары Бостандық ауданындағы жер асты инженерлік желілері тозып, жолдарға түсетін жүктеме артты. Соның салдарынан бір көшені жөндегеннен кейін қайта қазуға тура келетін жағдайлар кездескен. Мәселені жүйелі шешу үшін аудан көшелерін жөндеу тәсілі өзгерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздесуінде айтты.
Инженерлік желілер бірінші кезекте жаңарады
Енді жұмыс көшенің бір бөлігінде ғана жүргізілмей, ғимараттың бір қасбетінен қарсы беттегі қасбетіне дейін толық қамтылады. Әуелі ескі жылу, су, газ құбырлары мен электр кабельдері жаңартылады, содан кейін ғана жаңа асфальт төселеді. Мақсат – жолды қайта-қайта қазуды және инженерлік желілердегі апатты азайту.
«Ұстаным қарапайым: көшені жер астынан бастап ғимарат қасбетіне дейін бір жоспармен жаңарту», – деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Қала ортасын тұрғындарға бейімдеу
Жер үстіндегі жұмыстар да тұрғындардың күнделікті жүрісіне ыңғайланып жоспарланған. Биік жиектастар мен артық баспалдақтар алынып, тротуарлар кеңейтіледі, самокат пен велосипедке орын бөлінеді, ағаш отырғызылып, суару жүйесі жүргізіледі. Ғимараттардың шатыры мен қасбеті ретке келтіріліп, көзге ұрып тұрған жарнама алынады және кешкі сәулеттік жарық орнатылады.
Қала басшылығының бастамасымен жұмыстарға бюджет қаражатымен бірге кәсіпкерлердің жеке қаражаты да тартылып жатыр. Биыл ауданның едәуір бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







