Бостандық ауданында кәсіпкерлердің қолдауымен 30-дан астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Аудан әкімдігінің мәліметінше, осы бағытта тартылған қаражаттың көлемі 3 млрд теңгеден асады. Бұрын тоқтап қалған 11 жоба қазір толық аяқталған. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Инфрақұрылым мен қасбеттерді жаңарту
Теміржолшы көшесінің қиылысында «Мұхта» компаниясының 30 млн теңгесіне 300 метр жаяу жүргінші жолы салынып, 30-дан астам орындық пен көлік тұрағы жасалды. Розыбакиев көшесінде «Қашаған» компаниясы 250 млн теңгеге тұрғын үйдің қасбетін жаңартып, сәндік жарық орнатты. Әл-Фараби даңғылы мен Қоржын көшесінің қиылысында «Есентайстрой» компаниясы 20 млн теңгеге санитарлық-гигиеналық нысан орнатты.
Назарбаев даңғылындағы №237 үйдің 320 шаршы метр шатыры «Линкор» компаниясының 7 млн теңгесіне жаңартылды. Көктем-3 шағынауданындағы №9 үйдің 750 шаршы метр шатырына «Сити Менеджмент Сервис» 35 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізді. «Линкор» мен «Сити Менеджмент» Әл-Фараби даңғылы бойындағы бес аспалы жаяу жүргінші өткелін 170 млн теңгеге жөндеп, жарық жүйесін орнатты.
Аудандағы көшелерді жарықтандыруға «Брейк» компаниясы 96 млн теңге бөлді. Осы қаражатқа сегіз қуатты жарық қондырғысы орнатылған. Жоба Әл-Фараби, Назарбаев, Розыбакиев даңғылдары мен Абай даңғылының Гагарин көшесімен қиылысатын аумағын қамтыған.
Әлеуметтік нысандар мен жасыл белдеу
Серкебаев көшесіндегі №83 мекенжайда орналасқан «Шапағат» орталығының алдына инклюзивті ойын алаңы салынды. «Болашақ Құрылыс S» компаниясы 450 шаршы метр аумақты қамтыған жобаға 58 млн теңге жұмсаған. Дулати көшесіндегі №55-56 үйлер маңында «Сквер Халық» қайырымдылық қоры 45 млн теңгеге 2800 шаршы метр аумақты абаттандырған.
Әл-Фараби даңғылының №125-135 үйлері арасындағы жаяу жүргінші аумағында «Линкор» компаниясы 38 млн теңгеге жаңарту жұмысын жүргізді. Сол жерде мың түп бұта мен 60 ағаш егілгені айтылды. Абай даңғылы бойында «Сити Девелопмент Сервис» 60 млн теңгеге 5 мың түп бұта отырғызып, 2000 шаршы метр көгал төсеуді аяқтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







