Маңғыстау облысында жаңартылатын энергетикаға қатысты жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі қаралып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
28 сәуір күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қытайлық China Resources Power компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар өңір аумағында «жасыл» энергетика бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Компания өкілдері Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын айтып, Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларға қатысуға қызығушылық танытты. Әсіресе жел мен күн қуатын пайдалануға қолайлы табиғи жағдайы бар аймақ үшін мұндай бастамалар стратегиялық мәнге ие.
Маңғыстау энергияға сұранысы жоғары өңір. Мұнай-газ, көлік-логистика, порт инфрақұрылымы және өнеркәсіптік жобалар тұрақты қуат көзін қажет етеді. Сондықтан жаңартылатын энергетика саласындағы инвестициялар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етуі мүмкін.

Нұрдәулет Қилыбай өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, әлеуметтік-экономикалық өсімге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды заң аясында қолдауға дайын екенін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, Маңғыстау үшін сыртқы инвестицияның сапасы, жобаның нақты пайдасы және жергілікті экономикаға беретін әсері маңызды.
China Resources Power Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігінде жұмыс істейтін ірі көпсалалы корпорациялардың бірі. Компания тұтыну тауарлары, кешенді энергетика, денсаулық сақтау, технология, өнеркәсіптік қаржыландыру, қалалық құрылыс және инфрақұрылымды пайдалану бағыттарында қызмет етеді. Мұндай тәжірибе Маңғыстаудағы энергетикалық жобаларға технологиялық және қаржылық серпін беруі мүмкін.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Егер келіссөздер нақты жобаға ұласса, Маңғыстау облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы өңірлік экономикаға жаңа бағыт ашуы мүмкін. Жасыл энергетика мұнда экологиялық ұраннан гөрі, өндіріс пен инфрақұрылымды тұрақты қуатпен қамтамасыз ететін нақты экономикалық құралға айналуы тиіс.
таяуда Нұрдәулет Қилыбай Беларусьтің «1AK-GROUP» компаниясы өкілдерімен кездесіп, жаңа инвестициялық жобаның мүмкіндіктерін талқылады. Инвесторлар Маңғыстауда мұнай-газ, су және химия салаларына арналған орталықтан тепкіш сорғылар мен модульдік сорғы станцияларын өндіретін кәсіпорын салуды ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







