Қазақстанда көші-қон саясаты түбегейлі жаңарып, әкімшілік бақылау құралы ғана емес, экономикалық дамудың маңызды тетігіне айналмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Жарлығын іске асыру аясындағы Үкіметтің негізгі тәсілдері мен басым бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа құжат көші-қон саласын сапалық тұрғыдан басқа деңгейге шығаруға бағытталған. Мұндай өзгеріс барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмысын қажет етеді.
Аида Балаеваның сөзінше, Қазақстан бұрынғы күрделі, шектеуі көп жүйеден біртіндеп бас тартып, ашық әрі икемді модельге көшіп жатыр. Негізгі мақсат отандық экономикаға қажет мамандар үшін қолайлы көші-қон жүйесін қалыптастыру.
Жаңа саясаттың алғашқы бағыты сервистік мемлекет қағидатына негізделеді. Яғни мемлекеттік қызмет қарапайым, түсінікті және қолжетімді болуы керек. «Бір терезе» жүйесін кеңейту, процесті толық цифрландыру және ведомствоаралық келісімді азайту арқылы мәртебе рәсімдеу мен жұмысқа рұқсат алу біртұтас жүйе арқылы жүргізіледі.
Екінші бағыт – бюрократияны қысқарту. Өтініш қарау мерзімі азайып, артық рәсім оңтайландырылады. Цифрлық бақылау құралдары енгізілсе, азаматтар да, мемлекет те уақыт пен ресурсты үнемдейді. Мұндай тәсіл көші-қон саласындағы қағазбастылықты азайтып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды тартуға арналған. Осы мақсатта «Алтын виза» тетігі енгізіледі. Ол өндіріс, инфрақұрылым және басқа да маңызды салаға қаржы салатын инвесторларға Қазақстанда ұзақ мерзімді жұмыс істеуге жол ашады. Сонымен қатар инженерия, IT және медицина бағытындағы мамандардың еңбек нарығына кіруі жеңілдетіледі.
Төртінші бағыт еңбек нарығының икемділігін арттыруға байланысты. Кадр тапшылығы сезілетін және жоғары технологиялық салаларда кәсіби біліктілікті тану рәсімі жеңілдейді. Кей жағдайда маманның біліктілігін растау мерзімі қысқарады. Алайда сапа мен қауіпсіздік талабы сақталады.
Аида Балаева мемлекет реттеуді әлсіретпейтінін, керісінше оны нақты, дәл және технологиялық тұрғыдан тиімді ететінін атап өтті. Яғни жаңа көші-қон саясаты бақылауды алып тастауға емес, оны заман талабына сай ыңғайлы әрі нәтижелі етуге бағытталған.
Жалпы, бұл реформалар Қазақстанның инвестиция, технология және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі орнын күшейтуді көздейді. Елге қажет маманды тарту, инвесторға түсінікті жүйе ұсыну және еңбек нарығын икемді ету білімге негізделген экономикаға өтудің маңызды шартына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







