Абай облысында 12-15 мамыр аралығында «Қанжар-Антитеррор-2026» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара Бесқарағай, Жаңасемей және Бородулиха аудандарының аумағында ұйымдастырылады. Оқу-жаттығуды Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстық терроризмге қарсы жедел штабтары өткізеді.
Жаттығудың негізгі мақсаты құқық қорғау және арнайы органдардың террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету дайындығын тексеру. Сонымен қатар күштік құрылымдардың өзара іс-қимылы мен жедел әрекет ету мүмкіндігі пысықталады.
Оқу-жаттығу өтетін нысандар маңында уақытша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты жедел штаб тұрғындарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Штаб өкілдері жалған ақпарат таратпау қажеттігін ескертіп, оқу-жаттығуға қатысатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің әрекеттеріне түсіністікпен қарауды сұрады.
Соңғы жылдары мұндай антитеррорлық жаттығулар өңірлердегі қауіпсіздік жүйесінің дайындығын тексерудің негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр. Жаттығу барысында төтенше жағдайға жедел әрекет ету, ықтимал қауіптің алдын алу және түрлі ведомствоның үйлесімді жұмысы сыналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







