Украина алдағы уақытта НАТО-ның кейбір әскери мүмкіндігін күшейту үшін алысқа ұшатын дрондар мен зымырандар ұсынып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Украинаның НАТО жанындағы миссиясының басшысы Алена Гетьманчук Welt басылымына берген сұхбатында Киевтің дрондардан қорғану ғана емес, қарсыластың терең тылындағы нысандарға дәл соққы жасау бағытында да тәжірибесі бар екенін айтты.
Оның сөзінше, егер Германия сияқты НАТО елдері осындай сұраныс білдірсе, Украина ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондар мен зымырандар бойынша өз тәжірибесін және тиімді қару түрлерін ұсына алады.
Бұл ұсыныс Германия үшін ерекше маңызға ие болуы мүмкін. Себебі АҚШ президенті Дональд Трамп Германия аумағына Tomahawk қанатты зымырандары мен баллистикалық зымырандарды орналастыру жөніндегі бұрынғы келісімді тоқтатқан. Welt басылымының жазуынша, осы шешімнен кейін НАТО Еуропада Ресейдің 9М729 және «Искандер» секілді зымырандарына қарсы қоятын маңызды құралдан айырылды.
Дәл осы тұста Украина соғыста жинаған тәжірибесін Еуропаның қорғаныс архитектурасына енгізуді ұсынып отыр. Киев үшін бұл тек қару экспорты емес, өзін НАТО-ның қауіпсіздік жүйесіндегі белсенді ойыншы ретінде көрсету амалы.
11 мамырда Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Киевке барып, Украинамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы айтты. Оның сөзінше, екі ел әртүрлі қашықтықтағы ұшқышсыз жүйелерді, оның ішінде 1500 шақырымға дейін ұша алатын дрондарды бірлесіп әзірлеп, өндіруді жоспарлап отыр.
Писториус бұл бағыттың әсіресе Deep Strike, яғни қарсыластың терең тылындағы стратегиялық нысандарға соққы жасау үшін маңызды екенін атап өтті. Германия сондай-ақ Украинадағы Brave1 әскери инновациялық платформасымен бірлескен бастамаларды дамытуға мүдделі.
Қазіргі соғыс Украинаға ерекше әскери-технологиялық тәжірибе берді. Киев дрондарды барлау, әуе қорғанысын айналып өту, логистикаға соққы жасау, мұнай базалары мен әскери қоймаларды нысанаға алу сияқты бағыттарда кеңінен пайдаланып келеді.
Сондықтан Украина енді тек Батыстан қару сұрайтын ел емес, соғыс жағдайында тексерілген технология ұсына алатын серіктеске айналуға тырысып отыр.
Бұл Еуропа үшін де маңызды. Себебі Ресеймен ұзақмерзімді текетірес жағдайында НАТО-ға арзан, көптеп өндірілетін және алысқа ұша алатын соққы жүйелері қажет. Украина дәл осы салада қысқа уақытта үлкен тәжірибе жинады.
Егер Германия мен Украина жобалары толық іске асса, Еуропаның әскери өнеркәсібінде жаңа бағыт қалыптасады. Онда Украина майдан тәжірибесін, Германия өндірістік және қаржылық мүмкіндігін қосады. Ал мұндай байланыс НАТО-ның шығыс қапталындағы қауіпсіздік теңгерімін өзгертуі мүмкін.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одақ саммитіне қатыспайтынын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







