Қазақстандағы көлікке ақылы кіру жүйесі алғаш Алматыда емес, Алатау қаласында енгізілуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мереке қарсаңында Президент қол қойған конституциялық заңға сәйкес, Алатау ерекше құқықтық режимі бар инновациялық қала ретінде дамиды. Құжат әкімдікке экология мен көлік қозғалысына қатысты кеңірек өкілет береді.
Заң бойынша қала билігі көлік құралдарының қалаға немесе оның жекелеген аймағына кіруін шектеуге, тыйым салуға немесе арнайы экологиялық төлем енгізуге құқылы болады. Яғни ескі немесе экологияға зияны жоғары көліктер үшін ақылы кіру жүйесі пайда болуы мүмкін.
Бұған дейін осындай жүйені Алматының орталық бөлігінде енгізу ұсынылған еді. Бірақ Әділет министрлігі ол норманы өткізбеген. Енді дәл сондай модель алдымен Алатауда сынақтан өтуі ықтимал.
Алатаудың негізгі ерекшелігі – оның эксперименттік құқықтық алаңға айналуы. Қалада жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, интернет заттары, роботтандырылған жүйелер және пилотсыз көлік технологияларын тестілеуге мүмкіндік беріледі.
Ең қызығы – ұшатын такси мен дрондарға арналған әуе дәліздері. Заңға сәйкес, Алатау қаласы аумағында 3000 метр биіктікке дейін арнайы әуе кеңістігі белгіленеді. Ол жерде пилотты және пилотсыз ұшу аппараттары үшін бағыттар мен дәліздер жасалмақ.
Яғни болашақта Алатауда жүк тасымалдайтын немесе адам алып жүретін ұшатын аппараттарды көру таңқаларлық нәрсе болмай қалуы мүмкін.
Бұл өзгерістер Қазақстанның жаңа урбанистикалық моделін қалыптастыру әрекетіне ұқсайды. Алатау кәдімгі қала емес, технологиялық эксперимент жүргізілетін алаңға айналмақ.
Егер бұл жүйелер сәтті жұмыс істесе, кейін басқа қалаларға да енгізілуі мүмкін. Соның ішінде Алматыға да. Сондықтан Алатаудағы ақылы кіру немесе әуе дәлізі тек бір қаланың мәселесі емес. Бұл Қазақстандағы болашақ қалалардың қандай болатынын көрсететін алғашқы тәжірибе болуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







