Біріккен Араб Әмірліктері Араб мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОАПЕК құрамынан шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Reuters агенттігінің жазуынша, ұйымның өзі таратқан мәлімдемеде БАӘ-нің мүшеліктен кеткені көрсетілген. ОАПЕК ОПЕК сияқты өндіріс көлемін бекітпейді. Негізгі міндеті араб мұнай экспорттаушылары арасындағы салалық байланыс пен ынтымақтастықты үйлестіруге құрылған.
Әбу-Дабидің қадамы күтпеген жерде пайда болған жоқ. Бұған дейін БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын ресми жариялаған еді. Тосын шешім елдің ұзақ мерзімді экономикалық және энергетикалық стратегиясымен байланыстырылған. Әмірліктер ішкі өндіріс қуатын арттырып, әлемдік энергетика нарығында икемдірек қимылдағысы келеді.
ОАПЕК-тен шығу осы бағыттың жалғасы болып көрінеді. БАӘ енді мұнай саясатын көпжақты ұйымдардың ортақ тәртібіне байламай, ұлттық мүддеге қарай жүргізуге ұмтылып отыр. Әсіресе өндірісті ұлғайту, жаңа энергетикалық жобаларға инвестиция салу және нарықтағы сұранысқа тез жауап беру Әбу-Даби үшін маңызды болып тұр.
ОАПЕК 1968 жылы араб мұнай экспорттаушылары арасындағы ынтымақтастықты күшейту үшін құрылған. Ұйым өндіріс квотасын белгілемесе де, БАӘ-нің одан кетуі салмағы да, салдары да бар шешім. Себебі санаулы күн бұрын ғана ел ОПЕК пен ОПЕК+ жүйесінен де шыққан-тұғын.
Мұнай нарығы үшін де айқын белгі берілгендей. Әмірліктер енді Сауд Арабиясы бастаған ортақ өндірістік тәртіптен алшақтап, өз қуатын дербес пайдалануға бет алмақ. ОПЕК+ бұрынғыдай нарыққа ықпал етуге тырысқанымен, ірі өндірушінің кетуі ұйым ішіндегі тепе-теңдікке әсер етпей қоймайды.
«Қазақстан үшін де оқиға назар аударарлық. ОПЕК+ аясындағы шешімдер мұнай бағасына, соның артынан теңге бағамы мен бюджет түсіміне жанама әсер етеді. БАӘ секілді ірі ойыншының ұйымдардан бірінен соң бірі шығуы әлемдік мұнай нарығында бұрынғы тәртіп әлсірей бастағанын аңғартады», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







