Қазақстанда инвестор құқығын қорғау, инвестициялық жобаларға кедергі келтіретін тосқауылды жою және шетелдік капитал тарту жұмысын күшейту мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында кеңес өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы, квазимемлекеттік сектор және бизнес өкілдері қатысты.
Үкімет басшысы инвестициялық ахуалды жақсарту Президенттің ерекше назарында екенін айтты. Жуырда инвесторлар, кәсіпкерлер және жоғары білікті мамандар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойылған. Бектеновтің сөзінше, аталған құжат елге сапалы шетелдік адами капитал тартуға және инвестициялық ортаны күшейтуге жаңа институционалдық мүмкіндік береді.
Бас прокурор Берік Асылов инвестор құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы үш жылда бизнеске қатысты қылмыстық іс саны 4 есеге, яғни 71,5 пайызға азайған. Қазір прокуратура 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Негізгі басымдық мәселе шыққан соң ғана әрекет етуге емес, тәуекелдің алдын алуға берілуде.
Үкімет пен Бас прокуратура бірлесіп, инвесторларға көп деңгейлі қолдау тетігін енгізіп жатыр. Жуырда құрылған Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мемлекеттік органдармен бірге бизнес көтерген мәселелерді жедел шешуге кіріскен. Биылғы бірінші тоқсанда Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 25,5 млрд доллар болатын 44 жобаны қараған.
Өңірлерде әкімдер басшылығымен және прокурорлар қатысуымен инвестициялық штабтар жұмыс істейді. Әкімдіктер тоқсан сайын стратегиялық сессия өткізіп, бизнес өкілдерімен бірге түйткілді мәселелерді талқылайды. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында материал дайындау деңгейі жоғары бағаланып, жобалар толық мақұлданған.
Соған қарамастан, жергілікті деңгейде көзбояушылық, әкімшілік созбалаң және жауапкершілікті бір органнан екіншісіне ысыру дерегі әлі бар. Премьер-министр мұндай тәсілге жол берілмейтінін ескертті. Оның айтуынша, инвестордың әр өтінішінің артында капитал салу, жаңа өндіріс ашу, жұмыс орнын құру және экономиканы кеңейту туралы нақты шешім тұрады.
Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда инвесторлардан 273 өтініш түскен. Оның жартысына жуығы оң шешімін тапқан. Өтініштердің басым бөлігі салықтық әкімшілендіру, кедендік рәсім, жер пайдалану, қала құрылысы және рұқсат құжатына қатысты болған.
Қазақстан инвестиция үшін күресті күшейтті
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бірінші тоқсанда бизнес тарапынан түскен 213 өтініш бойынша мәселе шешілгенін хабарлады. Оның 40 пайызы толық қанағаттандырылған, 50 пайызы бойынша кәсіпкерлерге құқықтық түсініктеме берілген. Комитет дерегінше, биыл 600 инвестордың құқығы қорғалған.
Оң шешімдердің қатарында Алматы облысындағы қағаз материалдарын шығаратын компанияны отандық өндірушілер тізіліміне енгізу және Атырау облысындағы ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыратын инвесторға инженерлік желілерге қолжетімділік беру бар.
Олжас Бектенов мемлекеттік орган өкілдері инвестор өтінішіне жауап беруден жалтарса немесе жауапкершілікті басқа тарапқа ысыра салса, қатаң шара қолданылатынын айтты. Мұндай талап ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор басшыларына да қатысты.
Премьер-министр инвестициялық жобаларды тежейтін себептердің жүйелік сипаты бар екенін атап өтті. Негізгі мәселе мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің әлсіздігіне, жауапкершіліктің нақты бөлінбеуіне, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылуына және жергілікті бақылаудың төмендігіне байланысты.
Әкімдіктерге негізгі инвестициялық жобаларды «қолмен басқару» режимінде сүйемелдеу тапсырылды. Өңір басшылары жер учаскесі, инфрақұрылым және рұқсат құжаттарын беру кезінде жасанды кедергіге жол бермеуі керек.
Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны толтыру қарқыны да сынға алынды. Қазір платформаға жалпы сомасы шамамен 100 трлн теңге болатын 3 мыңнан астам жоба енгізілген. Алайда 400-ден астам жоба әлі жүйеге жүктелмеген. Үкімет мұндай жағдай өңірлердегі нақты көріністі бұрмалайды деп есептейді.
Кеңесте инвестициялық процестерді цифрландыру негізгі құралдың бірі ретінде аталды. Инвестор өтініштері «бір цифрлық терезе» қағидаты бойынша бақыланып, жасанды интеллект құралдары арқылы жедел өңделуі тиіс. Сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы хабар алмасу мүмкіндігі бар мобильді қосымшаны іске қосуды жеделдету тапсырылды.
Заңнаманы қайта сүзгіден өткізеді
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі заңнамаға жасанды интеллект арқылы ревизия жүргізуді ұсынды. Мұндай тәсіл артық талапты, қайталанатын норманы, мерзім созуды және мемлекеттік органдар әрекетіндегі сәйкессіздікті анықтауға мүмкіндік береді.
«Kazakh Invest» шетелдегі жұмысын күшейтеді. Компания АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Малайзия және Катар сияқты жеті негізгі елде толыққанды өкілдік қалыптастырған. Бұл кеңселер «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды қолдау орталығына айналмақ. Яғни инвестор жоба пысықтау кезеңінде Қазақстанға келмей-ақ, негізгі мәселені өз еліндегі кеңсе арқылы шеше алады.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр бірнеше тапсырма берді. Заңнамаға ревизия жүргізіліп, әкімшілік кедергілер анықталады. Барлық инвестициялық жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізіледі. Инвестициялық келісімшарттар мен рұқсат құжаттарын беру мерзімі қысқартылып, жер ресурстарына қатысты ақпараттық жүйелер бірыңғай цифрлық контурға біріктіріледі.
Сонымен қатар барлық ХҚКО-да инвесторларға қызмет көрсететін мамандандырылған терезе ашылады. Облыстық және аудандық ХҚКО директорлары өңірлік инвестициялық штабтар құрамына енгізіледі. «Атамекен» палатасына мемлекеттік органдармен және отандық инвесторлармен жұмыс істеудің бірыңғай регламентін бекіту тапсырылды.
Үкіметтің қазіргі ұстанымы анық көрінеді: инвестиция тарту тек форум өткізу немесе келісімге қол қоюмен шектелмейді. Нақты нәтиже инвестор жерге, инфрақұрылымға, рұқсат құжатына және мемлекеттік қолдауға уақытылы қол жеткізген кезде ғана байқалады. Сондықтан әр өтінішке нақты жауап, әр жобаға нақты сүйемелдеу, әр өңірге нақты жауапкершілік жүктеліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







