Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін жұтқан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық істің тергеуі толық аяқталды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі уақытта тараптар тергеу материалымен танысып жатыр екен. Осы процесс аяқталған соң іс бірден сотқа жолданады.
Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні сағат 03:30 шамасында Әл-Фараби мен Мендіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Тергеу мәліметі бойынша, Zeekr автокөлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes-тің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі жеңіл дәрежедегі масаң күйде болған. Ол кейін қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілген-ді.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 345-1 бабының 4-тармағы бойынша («Масаң күйде көлік басқарып, екі немесе одан көп адамның өліміне себеп болу») айып тағылды. Осы бап бойынша оған 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Оқиғаға қатысты тағы бір қылмыстық іс қатар жүріп жатыр
Атышулы оқиғаның басты кейіпкері — Алматы полициясы департаментінің басшыларының бірінің жүргізушісі. Ол құқық қорғау саласының адамы бола тұра, апатқа куә бола отырып әрекетсіздік танытқан деген күдікке ілінген. ІІМ өкілдері осы істің де тергеуі аяқталуға тәмәм екенін, көп ұзамай сотқа берілетінін хабарлады.
Жантүршігерлік жағдайдан кейін Ішкі істер басшысы Алматы полициясында ауыс-түйіс жасаған. Сәденов ешкімнің тамыр-танысына, ағайын-туысына қарамайтынын қатаң ескерткен-тін. Артынша департамент бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен қуылған.
«Іс пе, іс толық аяқталды. Ертең сот алды процестер, жәбірленуші тараппен кәнсултациялар басталады. Одан кейін бірден істің мән-жайын егжей-тегжейлі зерделеуге кірісеміз», – деп мәлімдеді жәбірленушілердің қорғаушысы Олег Чернов.
Айтқандай, оқиғаның астына үңіліп, қоғамдық талқы туғызған танымал заңгер Әділетхан Молдахан қазір қамауда жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







