«Банк жүйесінің болашағы: AI және цифрлық платформалар қаржы инфрақұрылымын өзгертуде» — AI Month басты халықаралық оқиғасы — AI & Digital Bridge 2026 форумындағы AI және банктерді цифрландыруға арналған панельдік сессия дәл осылай аталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банк қосымшалары қазақстандықтардың күнделікті қаржылық өмірін әлдеқашан өзгертіп үлгерді. Келесі кезең — жасанды интеллект: ол клиенттерге қызмет көрсету мен ішкі үдерістерден бастап, тәуекелдерді басқару мен деректерді қорғауға дейінгі салаларды қамтиды.
Сондықтан бүгінгі басты сұрақ — жаңа технологиялар тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеп, клиенттердің сенімін сақтауы үшін жасанды интеллектті банк жүйесіне қалай енгізу керек. AI & Digital Bridge 2026 аясындағы пікірталас дәл осы мәселеге арналады.
Не туралы талқылайды
AI & Digital Bridge 2026 аясында өтетін «Банк жүйесінің болашағы: AI, платформалар және жаңа қаржылық инфрақұрылым» панельдік пікірталасына дәстүрлі банктерден бастап халықаралық финтех-платформаларға дейінгі қаржы қызметтерін ішінен өзгертіп жатқан мамандар қатысады.
Freedom Holding Corp. компаниясының Chief Banking Officer қызметін атқаратын және Freedom Bank Kazakhstan директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов қаржы саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар және холдинг банктерін цифрландыруға, стратегиялық трансформация мен технологиялық дамытуға жауапты. Оның тәжірибесі классикалық банктің технологиялық платформаға қалай айналатынын және жаңа қаржылық өнімдердің әр түрлі нарықтарда ауқымын қалай кеңейтетінін анық көрсетеді.
Бұл трансформацияның екінші бағытын Alpaca компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) Йоши Йококава көрсетеді. Өз финтех-компаниясын құрмас бұрын ол Lehman Brothers пен Nomura компанияларында капитал нарықтары саласында еңбек етіп, терең оқыту (deep learning) бағытындағы технологиялық жобаларды іске қосқан. Бүгінгі таңда Alpaca акциялар мен цифрлық активтермен сауда жасауға арналған API-инфрақұрылымын дамытып келеді. Оның тәжірибесі бұл талқылауды жекелеген банктік қосымшалар шеңберінен шығарып, қаржылық өнімдер басқа компаниялардың өзіндік қызметтерін құруына негіз болатын технологиялық инфрақұрылымға айналатын жаңа модельге шығарады.
Финтех қаржы жүйесін сырттай өзгертіп жатса, дәстүрлі банктер де іштей содан кем түспейтін ауқымды трансформациядан өтуде. Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Михаил Хасин IT саласында 25 жылдан астам тәжірибе жинақтаған. Halyk-қа келгенге дейін ол халықаралық әрі ірі қаржы құрылымдарында еңбек етіп, соңғы атқарған қызметі — BNP Paribas банкіндегі Global Markets CIO болды. Оның бұл талқылауға қатысуы жасанды интеллект негізгі үдерістердің ажырамас бөлігіне айналған кезде ірі банктің технологиялық архитектурасын қалай қайта құру қажет деген маңызды мәселені ортаға салады.
Банктер шешім қабылдауды алгоритмдерге көбірек тапсырған сайын, деректер, модельдер сапасы және тәуекелдерді бақылау соғұрлым маңызды бола түседі. Осы бағытты «Банк ЦентрКредит» банкінің деректерді басқару, жасанды интеллект және бөлшек тәуекелдерді басқару жөніндегі вице-президенті Рубина Лозовая таныстырады. Оның басқару аясына Data & Analytics, AI, клиенттік аналитика, кредиттік тәуекел және Data & AI Governance біріктірілген. Банк жасанды интеллектті клиенттерге қызмет көрсету, антифрод, сату және үдерістерді автоматтандыру салаларында пайдалана отырып, бір мезгілде деректер мен модельдерді басқару ережелерін де жүйелеп жатыр.
Пікірталасқа Mastercard компаниясының Шығыс Еуропадағы сервистік бизнесті дамыту жөніндегі аға вице-президенті Онур Доган да қосылады. Ол бұл командаға 2026 жылдың көктемінде келді. Оған дейінгі еңбек жолы стратегиялық консалтинг және цифрлық трансформация саласымен тығыз байланысты болды.
AI & Digital Bridge форумында неге бұл тақырып талқыланады
Бұл спикерлер бір үдерістің әртүрлі бағыттарын таныстырады: Жұмағұлов — банктердің цифрлық трансформациясын, Йококава — жаһандық финтех пен платформалық инфрақұрылымды, Хасин — ірі банктің технологиялық архитектурасын, ал Лозовая — деректерді, жасанды интеллект пен тәуекелдерді басқару.
Дәл сондықтан банк саласы AI & Digital Bridge 2026 форумының кең ауқымды күн тәртібінің бір бөлігіне айналып отыр.
Қаржы секторы — жасанды интеллект тек тәжірибелік қадамдармен шектелмей, нақты бизнес-процестерге толықтай еніп жатқан салалардың бірі. Мұнда жаңа AI-экономиканың басты сынағы да айқын көрінеді: технологияларды енгізуді жеделдету, қауіпсіздік пен клиенттердің сенімін сақтау және жаңа цифрлық ортада жұмыс істей алатын қаржылық инфрақұрылымды қатар құру.
Бұл мәселе Қазақстан үшін аса маңызды. Елімізде цифрлық қаржы қызметтері қазірдің өзінде жақсы дамыған, ал келесі кезең — бар қызметтерді тек онлайн форматқа көшіру ғана емес, жасанды интеллект өнімдердің, тәуекелдерді басқарудың, клиенттік тәжірибенің және қаржы секторының технологиялық архитектурасының өзегіне айналатын банктік жүйеге көшу.
Пікірталасты «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектуров жүргізеді. АХҚО (AIFC) басшысы болып тағайындалғанға дейін ол Astana International Exchange компаниясын басқарды, оның қаржы директоры болды және Қазақстанның капитал нарығы мен инвестициялық инфрақұрылымын дамытуға қатысты. Мұндай тәжірибе талқылау аясын жекелеген банктік AI-кейстерден әлдеқайда кең ауқымға — жаңа технологиялық дәуірде Қазақстанның қаржы инфрақұрылымы қандай болуы тиіс деген мәселеге шығаруға мүмкіндік береді.
Форум туралы
AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.
1 қазанда мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық делегациялар мен технологиялық индустрия өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтеді. Бұл күнге тек арнайы шақырумен қатысуға болады. Ал 2–3 қазанда билет алған қонақтарға арналған ашық бағдарлама өтеді.
Форумның хедлайнерлері — Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының тең құрылтайшысы әрі техникалық директоры Ерзат Дулат және Crimson Education тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) Джейми Битон.
AI & Digital Bridge 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында ұйымдастырылып отыр. Шараны өткізуге кеткен барлық шығын демеушілік қаражат есебінен атқарылады.
Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, Ресми әуе серіктесі — Air Astana
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







