Қазақстанда білікті кадр тарту үшін шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталған тетік ел экономикасына қажет жоғары білікті мамандарды басым салаларға тартуға бағытталған. Сұранысқа ие мамандықтар тізіміне 50-ден астам кәсіп енгізілген. Олардың қатарында ақпараттық технология, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия бағытындағы мамандар бар.
Тізімге кірген кәсіптер бойынша шетелдік жоғары білікті кадрларға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Яғни мемлекет ішкі еңбек нарығында жетіспей тұрған кәсіби ресурсты сырттан тарту арқылы экономиканың маңызды салаларындағы кадр алшақтығын азайтуды көздейді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі дерекке қарағанда, 2026 жылдың басынан бері бірқатар мамандық бойынша кадр тапшылығы сақталып отыр. Әсіресе медицина саласындағы жағдай ерекше назар аудартады.
Enbek.kz порталындағы мәлімет бойынша, «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша 469 бос жұмыс орны жарияланғанымен, соған небәрі 100 түйіндеме тіркелген. «Педиатр» бағыты бойынша 448 вакансияға 139 түйіндеме ғана бар. Ал «анестезиолог-реаниматолог» мамандығында 300 бос орынға 75 түйіндеме тіркелген.
Медицинадағы сұраныс мұнымен шектелмейді. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да қажеттілік жоғары болып отыр. Мұндай дерек елдегі денсаулық сақтау жүйесінде тар бейінді дәрігерлерге сұраныс әлі де өткір екенін көрсетеді. Әсіресе өңірлерде кәсіби кадрдың жетіспеуі медициналық қызмет сапасына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ақпараттық технология саласында да маманға сұраныс өсіп келеді. Қолданбалы бағдарламашылар бойынша 509 бос жұмыс орны тіркелген. Графикалық дизайнерлерге қатысты 355 вакансия жарияланған. Цифрландыру үдерісі, бизнес процестердің автоматтандырылуы және онлайн сервистердің кеңеюі IT нарығындағы кадр бәсекесін күшейтіп отыр.
Еңбек нарық теңсіздігі
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі дерекке сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Соның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушілерімен шамамен 8 мың шарт рәсімделген. Акушер-гинекологтар бойынша 4,6 мың, педиатрлар бойынша 4,1 мың, қолданбалы бағдарламашылар бойынша 3,5 мың еңбек шарты тіркелген.
Сонымен бірге шетелдік жұмыскерлермен 55 еңбек шарты жасалған. Олардың басым бөлігі «автоматтандыру инженері» мамандығына тиесілі. Мұндай көрсеткіш шетелдік кадр тарту тетігі іске қосылғанымен, оның көлемі әзірге шектеулі екенін аңғартады. Негізгі салмақ әлі де ішкі еңбек нарығына түсіп отыр.
2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Сол кезде де медицина мамандарына сұраныс жоғары болған. Биылғы деректер аталған үрдістің сақталып отырғанын көрсетеді.
Жалпы мәлімет ішкі еңбек нарығы сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігін белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп отырғанын аңғартады. Дегенмен денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы әлі де шешімін толық тапқан жоқ. Әсіресе акушер-гинеколог, педиатр, анестезиолог-реаниматолог секілді мамандарға сұраныстың жоғары болуы әлеуметтік саладағы кадр саясатына қосымша назар қажет екенін көрсетеді.
Білікті шетелдік мамандарды тарту осы олқылықты жабудың бір құралы ретінде қарастырылып отыр. Бірақ ұзақ мерзімді нәтиже үшін ішкі кадр даярлау жүйесі, өңірлердегі еңбек жағдайы, жалақы, кәсіби өсу мүмкіндігі және мамандарды тұрақтандыру саясаты қатар жүруі керек. Еңбек нарығындағы нақты сұраныс енді жай статистика емес, елдің әлеуметтік және технологиялық дамуына әсер ететін стратегиялық көрсеткішке айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







