Жетісу облысының Көксу ауданында тұрғын үй және білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданына жұмыс сапары барысында Балпық би ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен және Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Өңір басшысы құрылыс сапасына, нысандардың дайындығына және алдағы пайдалануға беру мерзіміне назар аударды.
Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп 1987 жылы салынған. Білім ошағындағы күрделі жөндеу өткен жылдың мамыр айында басталған.
Жоба аясында ғимаратты сейсмикалық нығайту, сыныптарды қазіргі талапқа сай жаңарту, ішкі кеңістікті ыңғайлы әрі қауіпсіз ету жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда мектептің дайындығы 95 пайызға жеткен.
Мектеп директоры Шолпан Нұрғазинова облыс әкіміне нысан ішіндегі жұмыстардың барысын таныстырып, қажетті жиһаздар мен жабдықтар әкелініп жатқанын айтты. Бейбіт Исабаев спорт залын, мәжіліс залын, асхананы, пән кабинеттерін, сырттағы ойын және спорт алаңдарын аралап көрді. Қазір аталған білім ордасында 420-дан астам оқушы оқиды.
Өңір басшысы мектептің жаңа оқу жылына дайын болуына ерекше мән беру керектігін айтты. Ол алдағы оқу жылын дұрыс жоспарлап, жаңартылған ғимаратты күтіп ұстау ісін тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Жөндеуден өткен мектеп ауылдағы балалардың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада оқуына және қосымша спорттық, мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді.
Жаңа үй, жайлы өмір
Балпық би ауылында да құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мұнда әрқайсысы 60 пәтерден тұратын бес қабатты екі тұрғын үй қатар салынып жатыр. Құрылыс учаскесінің бастығы Жақсылық Өтегенұлының айтуынша, қажетті материалдар толық жеткізілген. Жоспар бойынша құрылыс тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Қазір бір үйдің шатыры жабылып жатыр, ал екінші үйде ішкі бөлмелерді бөлу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс алаңында 80-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Облыс әкімі тұрғын үйлердің ішкі құрылыс барысын қарап, сыртқы қасбетінің эскизімен танысты.
Бейбіт Исабаев жаңа тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус пен арнайы көтергіш қарастырылуы қажет екенін ескертті. Сонымен қатар инженерлік жүйелерге дер кезінде қосу, құрылыс нормаларын сақтау және сапаға ерекше көңіл бөлу міндетін қойды. Өңір басшысының айтуынша, ең басты талап – нысанды сапалы аяқтау.
Әр үйде 30 үш бөлмелі, 15 екі бөлмелі және 15 бір бөлмелі пәтер болады. Құрылыс аяқталғаннан кейін пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы ауданда кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр.
Көксу ауданындағы аталған жобалар ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бір жағынан, жаңартылған мектеп балалардың білім алу жағдайын жақсартса, екінші жағынан, жаңа тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға нақты мүмкіндік береді. Жетісу өңірінде құрылыс пен әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмысы осылайша аудан деңгейінде де жүйелі жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







