Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен бірге түскен суретін жариялады, деп жазады Ertenmediakz.
Сурет Қазақстан Президентінің Астанадағы резиденциясында түсірілген. Онда екі ел басшысы еркін әрі жылы әңгіме үстінде бейнеленген. Тоқаев жазбасында Ердоғанды «қымбатты бауырым» деп атап, кездесу сәтін ерекше ықыласпен сипаттаған.
«Менің резиденциямда қымбатты бауырым Режеп Тайип Ердоғанмен өткен жылы әрі шынайы әңгіменің бір сәті. Астана. 13 мамыр», деп жазды Мемлекет басшысы.
Жарияланым әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Қазақстан мен Түркия азаматтары пікірлерінде екі ел арасындағы бауырластық байланысқа, суреттегі жылы атмосфераға және түркі елдерінің жақындығына назар аударған. Көпшілік кадрды шынайы достықтың белгісі ретінде қабылдады.
Пікір қалдырғандар «нағыз бауырластық пен жылылық көрінген әдемі кадр», «түрік халқымен бауырластық мәңгі болсын», «бір шаңырақ астындағы екі бауырлас халықтың кездесуі», «бірлік пен ынтымақ мәңгі жасасын» деген мазмұнда ой бөлісті.
Ердоған Қазақстанға 13 мамырда мемлекеттік сапармен келген. Оны Астана әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Қазақстан шекарасынан өткен сәттен бастап Түркия Президентінің бортына Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары ілесіп отырғаны хабарланды. Әуежайда құрмет қарауылы сап түзеген.
Астанадағы кездесу екі ел арасындағы саяси және мәдени байланыстың символдық жалғасы ретінде қабылданып отыр. Қазақстан мен Түркия кейінгі жылдары сауда, инвестиция, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика, білім және түркі интеграциясы бағытында қарым-қатынасты тереңдетіп келеді. Сондықтан Тоқаевтың әлеуметтік желідегі жылы жазбасы ресми дипломатиядан бөлек, екі халық арасындағы тарихи жақындықты да көрсететін ишараға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







