Қазақстан жол құрылысына қажетті битумға деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған Caspi Bitum зауытының қуатын кеңейту жобасы әсер етті. Кәсіпорында мұнай өңдеу көлемі жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде жол битумын өндіру қуаты жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артты.
Аталған жоба Энергетика министрлігі іске асырып жатқан мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясындағы алғашқы нақты шаралардың бірі болды.
Қазір Қазақстанда жол битумын өндіретін 4 зауыт жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты жылына 1,6 млн тоннаны құрайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» дерегіне сәйкес, 2026 жылы ішкі нарыққа шамамен 1,1 млн тонна битум қажет болады.
Осылайша, қолданыстағы өндірістік қуат елдегі жол құрылысы мен жөндеу жұмысына қажет битум көлемін толық жабуға жеткілікті. Caspi Bitum жол-құрылыс компанияларынан өтінім түскен жағдайда өнімді қажетті көлемде өндіруге дайын екенін мәлімдеді.
Қабылданған шаралар жол саласын отандық битуммен тұрақты қамтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және мұнай өнімдері нарығындағы ішкі тұрақтылықты күшейтуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







