Ақтауда алғаш рет «Кітап керуен – Ақтау» республикалық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шара қазақтың біртуар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың ескерткішіне тағзым етуден басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсімде Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова шараның символдық лентасын қиды.
«Кітап адамның рухани қазынасы. Кітап оқитын ұлттың ғана келешегі жарқын болады. Бүгінгі шара жай ғана жәрмеңке емес, бұл рухани серпіліс, ұлттық мәдениетімізге деген үлкен құрметтің белгісі», – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Жәрмеңке облыстық Қабиболла Сыдиықұлы атындағы әмбебап кітапханада өтіп жатыр. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен әдебиеттің белгілі тұлғалары келді.
Атап айтқанда, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын Оңайгүл Тұржан, ҚР Жазушылар одағының Маңғыстау филиалының төрайымы Анар Шамшадинова, ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлайым Дәуітбаева, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Бақытгүл Сәрмекова, ҚР Мәдениет және ақпарат саласының үздігі Қанат Тілеухан, ақын-жазушылар Ақберен Елгезек пен Ұларбек Нұрғалым секілді қаламгерлер оқырмандармен кездесу өткізеді.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге Qasym kitap, Steppe&World, «Абай», «Арман-ПВ», ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, «Отбасы Хрестоматиясы», WIK HOUSE баспалары өздерінің ең таңдаулы туындыларын әкелген.
«Кітап керуені» үшін арнайы автобус әзірленіп, қала көшелеріне саяхаттап, тұрғындарды кітап оқуға шақыруда.

Екі күн бойы жалғасатын кітап мерекесінде түрлі жеңілдіктер жасалып, жаңа туындылардың тұсаукесерлері, әдебиет пен шығармашылық бағыттағы секциялық жиындар, қызықты шаралар өтеді.
Жәрмеңке 15-16 мамыр күндері аралығында, сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін танымал авторлармен жүздесіп, қолтаңба алып, естелік суретке түсуге тамаша мүмкіндік туып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







