Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қауіп-қатерге тап болған Ауғанстан азаматының босқын мәртебесін сұраған өтінішін қабылдаудан бас тартқан жергілікті атқарушы органның шешімін заңсыз деп таныды. Сот Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына істі қайта қарауды жүктеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шенеуніктердің бас тартуы және соттың араласуы
Қазақстанға паналап келген ауғандық әйел бұған дейін де мемлекеттік органдардан босқын мәртебесін сұрап, бірақ өтініші қанағаттандырылмаған еді. Алайда уақыт өте келе оның өмірінде күрделі өзгерістер орын алып, Ауғанстанға оралған жағдайда өзі мен кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін жаңа ауыр мән-жайлар пайда болған.
Әйел аталған қауіпті алға тартып, қалалық әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қайта жүгінген кезде шенеуніктер құжаттарды қабылдаудан бірден бас тартқан. Мекеме бұрынғы шыққан сот актілері мен іс жүргізу шектеулеріне сілтеп, мәселені қараудан жалтаруды жөн көрді.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының заңгері Юлия Плотнерчук әйелдің құқығын қорғап, сотқа әкімшілік талап-арыз жолдады. Ол қорғау тарабы бұрынғы қаулыларды жоққа шығаруды емес, жаңадан туындаған қауіп-қатерлерді дербес қарауды сұрап отырғанын жеткізді.
«Сот талапкердің ұстанымын толық қолдап, әйел мен оның кәмелетке толмаған балаларының өмірі мен қауіпсіздігіне төнген нақты қатерлерді және гуманитарлық мән-жайларды ескерді. Басқарма қайта өтінішхатты қабылдап, толыққанды әкімшілік рәсім жүргізуге міндеттелді», – деп мәлімдеді Юлия Плотнерчук.
«Қайтармау қағидаты» және құқық қорғаушылар жеңісі
Құқық қорғаушылар аталған сот ұйғарымын ел тарихындағы бірегей прецедент ретінде бағалап отыр. Қазақстанның сот тәжірибесінде бұған дейін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша босқын мәртебесін беру туралы қайталама өтінішті қабылдауға шенеуніктерді міндеттеген мұндай шешім тіркелмеген болатын.
Сот өз ұстанымында халықаралық конвенциялардың негізгі талабы саналатын адамды қауіп төніп тұрған елге күштеп қайтармау (non-refoulement) қағидатын басшылыққа алды.
Әрине, бұл шешім ауғандық әйелге босқын мәртебесі автоматты түрде берілді дегенді білдірмейді. Дегенмен ресми органдар енді адамның жанайқайына көз жұмбай, оның өміріне төнген қауіпті жаңадан зерделеп, шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Тәліптермен жақындасу және көші-қондағы тосқауыл
Ауғанстан азаматтарының Қазақстаннан пана табу мәселесі соңғы уақытта қатты күрделенді. 2024 жылы ресми Астана Кабулмен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында «Талибан» қозғалысын тыйым салынған террористік ұйымдар тізімінен шығарған болатын.
Осы саяси шешімнен кейін ауғандықтарға елімізде босқын мәртебесін алу іс жүзінде мүмкін болмай қалды. Мемлекеттік органдар Ауғанстандағы жағдай біршама тұрақталды деген ресми саясатты желеу етіп, өлім жазасы немесе қудалау қаупі бар азаматтардың өтініштерін жаппай кері қайтаруға көшкен еді. Әсіресе құқық қорғау саласында жұмыс істеген немесе қыздар мектебінде сабақ берген әйелдер үшін бұл шешімдер өте қатерлі соққы болды.
Ertenmedia ракурсы: Прецедент өзге босқындарға жол аша ма?
Алматы сотының бұл қадамы – мемлекеттің сыртқы прагматикалық саясаты мен адам құқықтары арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге жасалған батыл әрекет. Мемлекет көршілес елдермен қаншалықты экономикалық байланыс орнатқысы келсе де, халықаралық гуманитарлық міндеттемелерден бас тартуға болмайды.
Шенеуніктер үшін босқындардың өтінішін формальды сылтаулармен қабылдамай қою бұрыннан қалыптасқан ыңғайлы әдіс еді. Енді бұл сот шешімі құқықтық қалқанға айналып, ұқсас жағдайға тап болған өзге де шетелдіктерге өз өмірін қорғау үшін екінші рет мүмкіндік алуға жол ашады. Мемлекеттік аппарат құрғақ нұсқаулықтармен ғана шектелмей, халықаралық құқықтық нормаларға сай жұмыс істеуге дағдылануы тиіс. Заңның үстемдігі саяси конъюнктурадан жоғары тұрғанда ғана еліміздің халықаралық аренадағы абыройы сақталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






