Атырау облысында төрт адамның өліміне басты күдікті ретінде айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қылмысқа бару себебін егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өткен жылдың желтоқсанында Жангелдин ауылының тұрғындары Қарабалин әулетінің түгелдей жоғалып кеткенін хабарлаған болатын. Марқұмдардың туысының айтуынша, оның ағасы, жеңгесі және олардың екі ересек баласы қараша айынан бері хабар-ошарсыз кеткен.
Жедел іздестіру барысында күдікті ретінде отбасының күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиев анықталған. Ол әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге 24 ақпан күні Индонезия аумағында ұсталған-ды.
Сот отырысында Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындап, жазаның ең ауырына да дайын екенін мәлімдеді.
«Тергеу таққан айыпты толығымен мойындаймын. Ешқайда қашқым жоқ, ең ауыр жазаға да дайынмын», – деді сотталушы.
Қылмысқа баруға не итермеледі?
Сәрсемәлиевтің айтуынша, қолын қанға малуының басты себебі қайын жұртының отбасылық өміріне тұмсық тығып, нәтижесінде жұбайымен заңды түрде ажырасуына итермелеуі болған. Дегенмен, айыпталушы ажырасқаннан кейін де әйелімен бірге тұрып, қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысқанын алға тартып отыр.
«Қылмысқа отбасымды сақтауға деген талпынысымның түбегейлі сәтсіздікке ұшырауы себеп болды. Жұбайыммен 10 жыл тату-тәтті өмір сүрдік.
Егер басынан бастап арамызда шешілмейтін кикілжің болғанда, бес баламыз дүниеге келмес еді. Алайда оның ет-жақындары отбасылық мәселемізге шектен тыс араласып, ақыры ажырасуға жеткізді. Ажырассақ та біз бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Соған қарамастан олар маған қысым көрсетіп, балаларыммен қорқытып, әйелімді тартып алуға тырысты. Олардың сөздері мен әрекеттері менің ар-намысымды таптады.
Ақыры мені адам ретінде де, азамат ретінде де сындырды. Шыдамым таусылды, басқа амал таппадым. Осының бәрі мені жантүршігерлік әрекетке итермеледі», – деп түсіндірді Сұлтан Сәрсемәлиев.
Оқиғаның хронологиясын білесіздер
2026 жылдың 6 қаңтарында із-түссіз жоғалған зейнеткерлер 66 жастағы Мақсұт Қарабалин мен 64 жастағы Насип Өтешқалиеваның сүйегі өз үйінің ауласындағы қора астынан табылған.
Кейін, 9 наурыз күні кешке қарай Атырау маңындағы Геолог ауданынан олардың балалары 32 жастағы Наурыз бен 35 жастағы Мирамгүлдің денесі табылған болатын.
Айыпталушыға бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Сотта кінәсі толық дәлелденсе, Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оқиғаға қатысты сот процесі жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







