Қазақстанда биыл 1-сыныпқа құжат қабылдаудың жаңа пилоттық жобасы іске қосылмақ. 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында өтетін сынақ жобасының басты мақсаты ата-аналарға құжат тапсыруды жеңілдетіп, балалардың мектепке қабылдануын толық цифрландыру, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп бойынша басты жаңалық мектепалды даярлық сыныбын (нөлінші сынып) оқыған бала сол мектептің 1-сыныбына автоматты түрде қабылдана алады. Ол үшін ата-ана тек электронды өтініш берсе болғаны, басқа құжат жинаудың қажеті болмайды.
Егер ата-ана баласын басқа мектепке ауыстырғысы келсе, құжаттарды жалпы тәртіп бойынша тапсырады.
Құжат тапсыру процесі түгелдей цифрлық форматқа көшіріліп, «OQU» ұлттық білім платформасы арқылы іске асырылмақ. Платформа мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланып, қызметті жеңіл әрі жылдам алуға мүмкіндік береді.
Құжат тапсыру кезінде жүйеге түсетін салмақты азайту мақсатында «электронды күту бөлмесі» енгізіледі.
Егер бір уақытта көп өтініш түссе, ата-аналар автоматты түрде кезекке қойылады. Әрбір пайдаланушы кезекте нешінші тұрғанын көріп, кезегі келген кезде жүйе оны бірден өтініш беру бетіне қайтарады.
Сонымен қатар…
Жаңа ереже бойынша, ата-ана бұрын берген электронды өтінішті кері қайтарып алуға да мүмкіндік алады. Мәселен, баланың басқа мектепке түсуіне байланысты өтінішті онлайн режимде оңай қайтарып алуға болады.
Құжат қабылдау өңірлер бойынша кезең-кезеңімен басталады:
- 27 мамырдан бастап: Астана қаласы, Абай облысы, Жетісу облысы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары;
- 10 маусымнан бастап: Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары;
- 18 маусымнан бастап: Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары және Шымкент қаласы;
- 29 маусымнан бастап: Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.
Жоба Қазақстанның Оқу-ағарту және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген. Министрліктердің хабарлауынша, пилоттық жоба нәтижесі оң болса, болашақта барлық өңірлерде тұрақты түрде енгізіледі.
Бұл қадамдар білім саласын цифрландыруды жеделдетіп, балаларды мектепке қабылдау барысын ата-аналар үшін жеңілдетуді көздейді.
Айта кетелік, бұған дейін сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердің мәселесін май шаммен қарайтынын мәлімдеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







