Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты симпозиумы ашылды. Айтулы шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын, оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістерге ықпалын жан-жақты зерделеуге бағытталған. Халықаралық алаңға отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, археологтар, тарихшылар және ғылыми қауымдастық өкілдері жиналды.
Симпозиумның басты мәні Алтын Орданы тек ортағасырлық мемлекет ретінде ғана емес, Еуразиядағы мәдени, саяси және экономикалық байланыстарды қалыптастырған ірі өркениеттік кеңістік ретінде қарастыру. Жошы ұлысының тарихы дала мен қала мәдениетінің, сауда жолдары мен дипломатиялық байланыстардың, түрлі діндер мен тілдердің өзара ықпалдастығын көрсетеді.
Салтанатты рәсімде ЮНЕСКО Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Элунду Ассомо Лазар сөз сөйлеп, Алтын Орданың мәдениеттер арасындағы диалогты қалыптастырудағы тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Алтын Орда Еуразия тарихының кең тынысын бейнелеп, даланың қозғалыс, алмасу және байланыстар орталығы болғанын айқын көрсетеді.
Элунду Лазар Алтын Орданы көптүрлілікке негізделген саяси әрі мәдени кеңістік ретінде сипаттады. Ол жерде бірнеше дін, тіл, өнер түрі мен технология тоғысып, бір-біріне ықпал еткен. Осы тұрғыдан алғанда, Алтын Орда бүгінгі заман үшін де мәдениетаралық диалог пен әртүрліліктің тарихи үлгісі ретінде бағаланады.
Қазақстанның тарихи миссиясы
Форум қатысушылары тарихты зерттеу өткенді ғана еске алу емес, қазіргі үдерістерді терең түсіну және орнықты болашақ қалыптастыру үшін қажет екенін айтты. Әлемде сенім дағдарысы күшейіп, бөлінуші үрдістер артып тұрған кезеңде Алтын Орда мен Жібек жолының тарихы ашықтық, алмасу және өзара ықпалдастық арқылы мәдениеттердің күшейетінін дәлелдейтін маңызды мысал ретінде қарастырылады.
Элунду Лазардың айтуынша, Астанадағы симпозиум ЮНЕСКО-ның негізгі мандатымен тікелей үйлеседі. Ұйымның «Жібек жолы» бағдарламасы отыз жылдан астам уақыт бойы Жібек жолының тек сауда бағыттары желісі емес, мәдени өзара әрекеттесу мен алмасудың кеңістігі болғанын көрсетіп келеді.
Осы үлкен тарихи кеңістіктің маңызды тораптарының бірі қазіргі Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумақтары болғаны ерекше аталды.
Халықаралық симпозиум ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде танытуға арналған маңызды алаңға айналып отыр. Алтын Орда мұрасын жаңаша зерделеу Қазақстан үшін тарихи жадты тереңдетумен қатар, дала өркениетінің әлемдік тарихтағы орнын нақты көрсетуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







