Қазақстан ұлттық беделдің жаһандық индексінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан 197 мемлекеттің ішінде 69-орынға жайғасты. Елдің халықаралық имиджі жеткілікті жоғары деңгейде бағаланып, қорытынды көрсеткіші 66,62 балды құрады.
Рейтинг әдістемесі 10 негізгі бағыт пен 50 жеке индикаторды қамтиды. Сарапшылар мемлекеттің экономикалық әлеуетін, басқару жүйесінің тиімділігін, ішкі және сыртқы саясаттағы орнықтылығын, инвестициялық тартымдылығын, инновациялар мен технологиялардың даму деңгейін және басқа да маңызды көрсеткіштерді саралаған.
Қорытынды баға 0-ден 100 балға дейінгі шкала бойынша шығарылған. Мұнда 100 балл ең жоғары нәтиже саналады.
ТМД елдері арасында Қазақстан халықаралық бедел деңгейі бойынша екінші орынға ие болды. Қазақстаннан кейін Беларусь 89-орынға орналасып, 59,27 балл жинады. Армения 93-орыннан көрініп, 57,14 балл алды. Әзербайжан 101-орынға жайғасып, 54,15 балл жинады. Өзбекстан 134-орында, оның көрсеткіші 37,7 балл болды. Қырғызстан 145-орынға, Тәжікстан 160-орынға орналасты.
Жаһандық рейтингте бірінші орынды Сингапур иеленді.
CEOWORLD редакциялық алқасы ел беделі енді абстрактілі ұғым емес екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық имидж бәсекеге қабілеттілікке, халықаралық ықпалға және экономикалық өркендеуге тікелей әсер ететін өлшенетін стратегиялық факторға айналып отыр.
Зерттеу авторлары 2026 жылғы жаһандық бедел индексі мемлекеттерді жай ғана тізімге қоюмен шектелмейтінін айтады. Ол халықаралық ықпал қағидаттарының қалай өзгеріп жатқанын да көрсетеді. Қазіргі әлемде сенім, басқару сапасы, инновациялық даму және сыртқы серіктестермен тұрақты байланыс орната алу қабілеті бұрынғыдан да маңызды бола түсті.
Сарапшылардың пайымынша, болашақта этика, инновация және адамға бағдарланған саясатты қатар ұстай алған мемлекеттер жаһандық ықпалға көбірек ие болады. Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы көрсеткіші елдің халықаралық аренадағы салмағы, тұрақты дипломатиялық бағыты және инвестициялық тартымдылығы өңірлік деңгейде жоғары бағаланып отырғанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







