Астанада көші-қон саясатын жаңарту және шетелдік мамандарды тарту тетіктері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзембаев өткізген жұмыс кездесуіне «Отандастар қоры», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Халықаралық көші-қон ұйымы, бизнес қауымдастық өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Жиында Қазақстанға шетелдік капитал тарту, жоғары білікті мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы көші-қон тәртібін қалыптастыру мәселесі қаралды. Эльдар Күзембаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде көші-қон ағындарын реттеудің сервистік әрі бәсекеге қабілетті жаңа моделі әзірленіп жатыр.
Негізгі құралдың бірі ретінде «Алтын виза» институты енгізілмек. Ол инвесторлар мен сұранысқа ие мамандарға Қазақстанда ұзақ мерзім жұмыс істеуге және қызмет жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл тетік экономикаға қажет капитал мен тапшы кадрды елде тұрақтандыруға бағытталған.
Сонымен қатар шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын автоматты тану, лицензияланатын қызмет түрлеріне шетелдік сарапшыларды жіберу рәсімдерін жеңілдету және гибридті жұмыс форматтарын құқықтық тұрғыдан дамыту ұсынылды.
Көші-қон қызметтерін цифрландыруға да басымдық беріледі. Реформа аясында цифрлық резидент құжатын енгізу және e-Resident модулі бар QazETA платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, Astana Hub инфрақұрылымымен интеграцияланады.
Кездесу қорытындысында ведомствоаралық жұмыс алгоритмі бекітіліп, жауапты тараптар айқындалды. «Отандастар қоры» шетелде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізетін негізгі оператор ретінде белгіленді. Қор «Алтын виза» алуға ниетті тұлғалардың өзекті тізімін де қалыптастырады.
Қазір тиісті заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатыр. Сарапшылар мен бизнес өкілдері ұсынған ұсыныстар құжатты одан әрі жетілдіру кезінде ескеріледі.
Көші-қон саясатын жаңарту Қазақстанға инвестор, технологиялық кәсіпкер және жоғары білікті маман тарту үшін маңызды. Әлемде талант үшін бәсеке күшейген кезеңде елге келетін маманға ашық, жылдам әрі түсінікті жүйе ұсыну экономиканың жаңа қажеттілігіне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







