Германия экономикасындағы үшінші маңызды сала саналатын химия өнеркәсібі соңғы жылдары ауыр дағдарысқа тап болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саланың әлсіреуіне бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр. Украина мен Ирандағы соғыстарға байланысты энергия тасымалдаушылар бағасы өсті. Бұған қатаң реттеу талаптары, экономикалық баяулау және халықаралық бәсекенің күшеюі қосылды.
Германия химия өнеркәсібі қауымдастығы VCI дерегінше, елдегі химия компанияларының жалпы табысы 2025 жылы 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 22 пайызға төмендеп, 220 млрд еуроға дейін азайған. Сарапшылар жақын арада жағдай тез жақсарады деп күтпейді.
Мюнхендегі ifo экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Анна Вольфтың айтуынша, саланың өзі энергия мәселесіне қарсы қолдан келетін шаралардың көбін жасап үлгерді. Компаниялар энергияны үнемдейтін өндіріс пен қайта өңдеу технологияларына көп қаржы салған.
Енді негізгі жауапкершілік саясаткерлерге түсіп отыр. Вольф сенімді әрі қолжетімді энергия және оны жеткізетін инфрақұрылым болмайынша, реттеу, сауда немесе инновация саласындағы басқа шаралар химия өнеркәсібінің бәсекеге қабілетін толық қалпына келтіре алмайтынын айтты.
Германия үкіметі химия өнеркәсібін қолдау үшін кәсіпорындардың электр энергиясына жұмсайтын шығынын субсидиялауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Берлин Еуропадағы парниктік газ шығарындыларына арналған квота саудасы жүйесін реформалауды көздейді. Мақсат – климаттық талаптарды сақтай отырып, өнеркәсіптің бәсекеге қабілетін әлсіретпеу.
VCI бұл қадамдарды қолдап отыр. Бірақ сала өкілдері қосымша шара қажет дейді. Олар салықтық жеңілдіктер, ұзақ мерзімді газ жеткізу кепілдігі және биометанды кеңінен пайдалану сияқты тетіктер химия өнеркәсібіне нақты дем бере алады деп есептейді.
Германия үшін химия өнеркәсібі жай бір сала емес. Ол фармацевтика, автомобиль өндірісі, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жоғары технологиялық секторлармен тығыз байланысты. Сондықтан оның бәсекеге қабілеті төмендесе, тұтас неміс индустриялық моделіне салмақ түсуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







