Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласын қолдау мемлекеттің конституциялық міндетіне айналғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше назар аударылған. Сондықтан ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып отыр.
Президент соңғы бес жылда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есе өскенін атап өтті. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есе ұлғаймақ.
Тоқаевтың айтуынша, тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекеме жөндеуден өтті. Сондай-ақ Президент Жарлығымен үш мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Мемлекет басшысы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру орынды болатынын айтты.
Сонымен қатар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру қажет деп есептейтінін жеткізді.
Президент аталған өнер ұжымдары елдің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







