Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары оқу орнының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мерейтойлық бағдарлама аясында халықаралық Лу Бань шеберханасының ашылуы ұйымдастырылып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік серіктестер, ғалымдар мен түлектер қатысқан Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы өтті. Университет аумағында студенттерді, оқытушыларды және қонақтарды біріктірген мәдени-көпшілік шаралар да мерекелік көңіл күй сыйлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Лу Бань шеберханасының лентасын қию рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЕҰУ басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлинь қатысты.
Лу Бань шеберханасы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан қазақстандық-қытайлық бірлескен жоба. Оның негізгі мақсаты – жоғары білікті техникалық мамандар даярлайтын инновациялық білім беру орталықтарын құру.
ЕҰУ-дегі шеберхана Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп ашылды. Жоба техникалық және IT-білім беруді дамытуға, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер саласында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған. Жаңа алаң халықаралық тәжірибе алмасуға және университеттің инновациялық экожүйесін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Астана білім хабы
Қонақтарға автоматтандырылған өндірістік желілер, жоғары өнімді есептеулер, ұшқышсыз жүйелер, машиналық көру және робототехника зертханалары таныстырылды. ЕҰУ студенттері мен IT-мамандары жасанды интеллект бағытындағы жобаларын ұсынды. Олардың қатарында үлкен тілдік модельдерге негізделген білім платформасы, көру қабілеті нашар адамдарға арналған навигациялық жүйе, интеллектуалды бейне талдау технологиялары, Industrial AI және басқа да әзірлемелер бар.
Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы театрландырылған пролог, бейнепрезентация және мерекелік флешмобпен жалғасты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов жиналған қауымды 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, оқу орны айтулы белеске үлкен жетістіктермен жеткенін атап өтті.
«Университетіміздің басты байлығы – ұжым. Білім ордасының іргесін қалап, бүгінгі биікке жетуімізге өлшеусіз үлес қосқан ардагерлеріміз бен ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен тәлім-тәрбиелеріңіз біз үшін әрқашан үлгі», деді Ерлан Сыдықов.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Президент құттықтауында ЕҰУ тәуелсіздікпен бірге өсіп, еліміздің бетке ұстар білім ордасына айналғаны айтылды. Университет құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік жоғары оқу орындары арасында көш бастап келе жатқаны да ерекше аталды.

Мемлекет басшысы ЕҰУ Еуропа, Азия, АҚШ және басқа да шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен, елшіліктермен және халықаралық білім беру ұйымдарымен байланыс орнатқан жетекші университетке айналғанын атап өтті. Сондай-ақ оқу орны алдағы уақытта да жоғары білікті мамандар даярлайтын маңызды ғылыми-білім беру орталығы болып қала беретініне сенім білдірді.
Жиын барысында Ресей, Беларусь және Әзербайжан президенттерінің құттықтау хаттары оқылды. Университет ұжымын ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, жоғары оқу орындарының ректорлары және ЕҰУ түлектері құттықтады.
Саясат Нұрбек ЕҰУ бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейде мойындалған іргелі жоғары оқу орнына айналғанын айтты. Оның сөзінше, 30 жылдық тарихы бар ұлттық университет заман сұранысына жауап бере алатын, білімі мен тәжірибесі ұштасқан мамандар даярлауды мақсат етіп келеді.
30 жылдық мерейтойын әлемдік табыспен қарсы алды
Мерекелік бағдарлама университет кампусында жалғасты. Қатысушылар үшін палау фестивалі, концерт, ұлттық ойындар, көрме, интерактивті алаңдар және ЕҰУ түлектерінің слеті ұйымдастырылды. Студенттер, оқытушылар, түлектер мен қонақтар бас қосқан шара университеттің көпұлтты мәдениетін, жасампаз рухын және студенттік өмірдің ерекше атмосферасын айшықтады.
Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі саналады. Мұнда 27 мыңнан астам студент білім алады. Білім беру және ғылыми үдерісті шамамен 3 мың оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді.
Университет 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты, цифрлық технологияларды, жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және басқа да бағыттардағы ғылыми зерттеулерді белсенді дамытып келеді. QS World University Rankings 2026 қорытындысы бойынша ЕҰУ әлемнің жетекші университеттері арасында 317-орынға ие болды.
ЕҰУ-дың 30 жылдығы – бір университеттің ғана мерейтойы емес. Ол тәуелсіз Қазақстандағы жоғары білімнің өсу жолын, ұлттық ғылымның жаңа арнасын және жас ұрпақтың әлемдік білім кеңістігіне ұмтылысын көрсететін маңызды белес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







