ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге арналған жаңа API-сервистің іске қосылғанын хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа сервис «Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесінде» іске қосылды. Ол сыртқы ақпараттық жүйелер арқылы қызметті тоқтату туралы салық өтініштерін қабылдауға арналған.
Бұл жаңашылдық электронды қызметтердің қолжетімділігін арттырып, салық төлеушілерге ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған. Енді қызметін тоқтатқысы келетін кәсіпкерлер мен ұйымдар тиісті салық өтінішін тек «Салық төлеушінің кабинеті» web-қосымшасы арқылы ғана емес, сыртқы ақпараттық жүйелер арқылы да қашықтан бере алады.
API-сервистің форматтары Smart Bridge платформасында орналастырылған. Интеграция үшін VSHEP_MGU_TAX_APPLICATION_TERM_ACTIVITIES және VSHEP_MGU_GET_JOURNAL_STATUSES сервистік кілттері қолжетімді.
Жаңа сервиске қосылғысы келетін ұйымдар мен әзірлеушілер Smart Bridge платформасы арқылы өтінім бере алады. Бұл мемлекеттік және коммерциялық ақпараттық жүйелердің өзара байланысын кеңейтіп, бизнес пен азаматтар үшін электронды қызметтерді қолайлы ете түспек.
Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай цифрлық шешімдер салық әкімшілендіруін оңтайландырып, қағазбастылықты азайтуға және қызмет алу процесін жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







