Қазақстандық ҰБТ сертификатын Малайзия елінің Жоғары білім министрлігі ресми түрде мойындады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді қазақстандық түлектер ҰБТ сертификатын Малайзия университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына түсу кезінде қолдана алады. Бұл қазақстандық талапкерлердің академиялық дайындығын бағалау жүйесінің халықаралық деңгейде мойындала бастағанын көрсетеді.
Министрлік мәліметінше, қазақстандық мектеп бітірушілер Малайзиядағы бірқатар жоғары оқу орнына Foundation дайындық бағдарламасынан өтпей-ақ құжат тапсыра алады. Дегенмен ағылшын тіліндегі бағдарламаларда оқу үшін IELTS, TOEFL немесе соған теңестірілген сертификаттар талап етіледі.
Әр университет ҰБТ бойынша ең төменгі өту балын және қосымша қабылдау шарттарын өзі белгілейді. Таңдалған мамандыққа қарай талапкерлерге ішкі емтихан, сұхбат, портфолио қарау немесе дайындық курсынан өту талабы қойылуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық тестілеу орталығы түлектерге алдын ала нақты университет пен білім беру бағдарламасының талабын тексеруге кеңес береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ сертификатының халықаралық деңгейде танылуы қазақстандық білімді бағалау жүйесінің қазіргі академиялық стандарттарға сай екенін дәлелдейді деп отыр. Сонымен бірге бұл шешім отандық түлектердің шетелде білім алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Қазір ҰБТ нәтижелерін Азия елдері мен өзге де халықаралық білім бағыттарындағы кейбір шетелдік университеттер қазақстандық талапкерлердің өтінішін қарау кезінде ескеріп келеді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жаңа форматтағы қабылдау емтиханын енгізу жұмысы жүріп жатыр. Admissions Insight Test, яғни AIT емтиханы ETS ұйымымен бірлесіп әзірленуде. Жаңа сынақ талапкерлердің академиялық және аналитикалық қабілетін халықаралық тестілеу тәсілдеріне сай бағалауға бағытталған.
Алдағы уақытта AIT емтиханы да шетелдік университеттер мен халықаралық білім қауымдастығы тарапынан кеңінен мойындалуы мүмкін. Бұл қазақстандық түлектер үшін әлемдік білім кеңістігіне шығатын тағы бір жол ашпақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







