Ұлы Отан соғысында жоғалған қазақстандық жауынгер Берікбосын Дүйсембиновтың тағдыры араға ондаған жыл салып анықтала бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жауынгердің туыстары соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен адамдар туралы деректер жинақталған сайттардың бірінен маңызды құжат тапқан. Онда Берікбосын Дүйсембиновтың 1945 жылдың сәуір айында Польша аумағында хабар-ошарсыз кеткені көрсетілген. Бұл Кеңес Одағы жеңіске небәрі бір ай қалғанда болған оқиға.
Осы деректен кейін іздеу жұмысына соғыс жылдары хабарсыз кеткен қазақстандықтардың тағдырын анықтаумен айналысатын «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі қосылды. Волонтерлер мен іздеушілер архив материалдарын қарап, жауынгердің ауыр шайқастардың бірінде қаза тапқанын анықтауға көмектесті.
Зерттеушілердің айтуынша, қатардағы жауынгер Дүйсембинов қызмет еткен бөлімше жаудың жойқын оғында қалған. Рота дерлік толық құрамымен қырылған. Мұндай жағдайда қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөнін анықтау өте қиын болған.
Соғыс жылдары офицерлерде арнайы жетондар болған. Ал кей сарбаздар оқ-дәрі гильзасына кішкентай қағазға жазылған мәліметін салып жүрген. Порохы төгілген гильзаның ішіне аты-жөні жазылған қағаз салынып, оқ кері орналастырылған. Ол штаттық медальон болмаған кезде жауынгерді тануға арналған қолдан жасалған белгі қызметін атқарған. Бірақ мұндай мүмкіндік бәрінде бірдей бола бермеген.
Сондықтан мыңдаған жауынгер сияқты Берікбосын Дүйсембинов та ұзақ жыл бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналып келді. Майдан даласында қаза тапқаннан кейін денесін танып-білу мүмкін болмаған.
Алдын ала деректерге қарағанда, әңгіме 1945 жылғы Висла-Одер стратегиялық шабуыл операциясы кезіндегі оқиғалар туралы болуы мүмкін. Бұл Қызыл армияның соғыстың соңғы кезеңіндегі ең ірі әскери операцияларының бірі еді. Дәл осы бағыттағы ауыр шайқастар Берлинге жол ашып, Жеңіс күнін жақындатты.
Польша аумағындағы сол майдан далаларында іздеу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Әр табылған құжат, әр архив жазбасы, әр аты-жөні анықталған жауынгер – бір отбасының көп жылдан бері күткен жауабы.
Берікбосын Дүйсембинов майдандағы ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін «Ұлы Отан соғысы майдандарындағы жауынгерлік еңбегі үшін» естелік медалімен марапатталды.
Оның тағдыры – соғыстың адам өміріне салған ауыр ізінің бір көрінісі. Жеңіске бір ай қалғанда жат жерде көз жұмған қазақ жауынгерінің есімі енді отбасы жадында ғана емес, ел тарихында да қайта жаңғырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







