Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылындағы С.Меңдешев ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауылдағы бұрынғы мәдениет нысаны бірнеше жыл бойы апаттық жағдайда жұмыс істеп келген. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені талай рет көтеріп, ауылға заманауи мәдениет үйі қажет екенін айтып жүрген. 2024 жылы «AMANAT» партиясының бастамасымен жаңа нысанның құрылысы басталып, бүгінде ауыл халқының игілігіне толық берілді.
Жаңақала ауданы Батыс Қазақстан өңіріндегі күй өнерінің қасиетті ордасы саналады. Қазақтың күй мұрасын биікке көтерген Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова дүниеге келген бұл топырақта өнердің тамыры тереңде жатыр. Оқап Қабиғожин, Мамен, Тұяқберді Шәмелов, Қали Жантілеуов секілді күй тарландары да осы өңірдің рухани шежіресін байытқан тұлғалар қатарында аталады.
Осындай өнерлі өлкеде мәдениет үйінің апатты жағдайда болуы ауыл тұрғындарын ұзақ уақыт алаңдатып келген. Себебі ауылдағы мәдени нысан тек концерт өтетін орын емес, жастардың өнерге қанат қағатын, үлкендердің бас қосатын, кітап оқылып, би үйірмесі жүретін, елдің рухани тіршілігі тоғысатын ортақ кеңістік.
Жаңа мәдениет үйі 150 орынға арналған. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда балаларға арналған коворкинг залы, би залы және ауыл тұрғындарына қажет кітапхана орналасқан. Енді округ тұрғындары мәдени-көпшілік іс-шараларды, ауылдық жиналыстарды, концерттік бағдарламаларды және түрлі шығармашылық кездесулерді жайлы ғимаратта өткізе алады.
Өнерлі өлкенің аманаты орындалды
Ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын көптен күткен қуаныш ретінде қабылдады. С.Меңдешев ауылының тұрғыны бұрынғы клубтың ұзақ уақыт апатты жағдайда жұмыс істегенін, ал ауыл жастары мен мектеп оқушылары әрдайым мәдени байқауларға белсенді қатысып жүргенін айтты. Оның сөзінше, жаңа мәдениет үйінің салынуы ауыл тұрғындарының бір аманатын орындады.
«2024 жылы ауылымызда жаңа мәдениет үйі салынып, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Ауыл халқы мен мәдениет саласы қызметкерлері атынан осы бастамаға ұйытқы болған “AMANAT” партиясына алғыс білдіреміз», деді ауыл тұрғыны.
Жаңа нысан тек жастарға ғана емес, барлық жастағы тұрғынға арналған. Жоба аясында құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлініп, тиісті бақылау жүргізілген.
Жаңақала аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дагарованың айтуынша, аудан аумағында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар мәдени нысан салынып, кейбіріне күрделі жөндеу жүргізілді. Сейітқали Меңдешев атындағы ауыл тұрғындарының мәдениет үйіне қатысты аманаты да осы жұмыстың бір бөлігі ретінде жүзеге асты.
«Мәдениет үйінің құрылысы барысында бірнеше партиялық бақылау жүргізіліп, құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды», деді Гүлбану Дагарова.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері жалпы сыйымдылығы 690 орындық 6 мәдениет нысаны ашылды. Сонымен қатар 12 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді.
С.Меңдешев ауылындағы жаңа мәдениет үйі ауылдың күнделікті өміріне жаңа серпін беретін маңызды нысан болмақ. Өнерлі өлкенің балалары енді өз қабілетін заманауи ортада дамытып, ауыл тұрғындары мәдени шараларды кең әрі жайлы ғимаратта өткізе алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







