Қазақстанда алтын құйма жинағын инфляциядан, теңге бағамының құбылуынан және ұзақ мерзімді қаржылық тәуекелден қорғағысы келетін азаматтар үшін бір балама құралға айналып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерлы құймасы Қазақстан теңге сарайы шығаратын 999,9 сынамалы тазартылған алтын құйма. Ол 5, 10, 20, 50 және 100 грамм салмақта өндіріледі. Әр құйма арнайы қорғаныш пластик блистерге салынады. Осы қаптама жай ғана сыртқы қабық емес, сапа сертификатының қызметін атқарады. Онда серия нөмірі, салмағы, сынамасы және өндірушінің белгісі көрсетіледі.
Алтын құйманың бағасы тұрақты болмайды. Құн күн сайын әлемдік бағалы металдар нарығындағы алтын бағасына және АҚШ долларының теңгеге шаққандағы ресми бағамына қарай есептеледі. Сондықтан бір күнде алған баға келесі күні өзгеруі мүмкін.
Мұндай инвестицияның басты артықшылығы ресми банктердің құйманы қайта сатып алу міндеттемесі. Бағдарламаға қатысатын банктер алтынды клиент өтініш берген күні кері сатып алады. Ақша қолма-қол немесе банктік шотқа аударылады. Жеке тұлғалар құйма сатып алғанда және сатқанда ҚҚС төлемейді. Алтын ұзақ мерзімде жинақты сақтаудың дәстүрлі құралы саналады.
Қаптаманы ашпаңыз
Дегенмен кемшілігі де бар. Банк сатып алу және кері сатып алу бағасының арасына айырма қояды. Сондықтан алтынды тез алып, тез сату көбіне тиімсіз. Мұндай құрал бірнеше жыл сақтауға ыңғайлы. Тағы бір маңызды талап қаптаманы бүлдірмеу. Блистер жыртылса, кесілсе, майысса немесе қатты сызылса, банк құйманы стандартты бағада қабылдамауы мүмкін.
Ұлттық банк бағдарламасына ресми түрде бірнеше банк қатысады. Halyk Bank құйманы алдын ала өтінім арқылы сатады. Өтінімді банк сайты немесе қазынашылық мамандары арқылы кемінде бір жұмыс күні бұрын беру қажет. Банк менеджері нақты бөлімшені келіседі. Сауда жұмыс күндері Астана уақытымен 09:00-ден 16:00-ге дейін жүргізіледі.
Банк ЦентрКредитте алтынға онлайн алдын ала тапсырыс беруге болады. bcc.kz мобильді қосымшасында қажетті салмақ таңдалып, қолда бар құйма брондалады. Кей бөлімшеде нақты бар болған жағдайда кассадан да сатып алуға мүмкіндік бар.
Alatau City Bank клиенттері 7711 нөмірі арқылы байланысып, қажетті салмақтағы құйманың бар-жоғын алдын ала нақтылай алады. Құйма болмаса, бөлімшеге барып, жеке куәлікпен өтініш жазу қажет. Жеткізу мерзімі қазынашылық логистикасына байланысты. Астана мен Алматыдағы нақты бөлімшелерде сатып алу және сату операциялары қолжетімді.
Еуразиялық банк те құйманы филиал кассалары арқылы сатады. Банк алдымен call-орталыққа хабарласып, қажетті номиналдың бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Мәміле жеке куәлік немесе паспорт негізінде рәсімделеді.
Алтын құйма табыс әкеле ме?
Құйманы сақтау кезінде ең басты қағида – қаптаманы ашпау. Қорғаныш пластик бүлінсе, банк құйманы сараптамаға жібереді. Мұндай жағдайда алтын Қазақстан теңге сарайында тексеруден өтуі мүмкін. Сараптама уақыт алады, ал банк қаптама ақауы үшін комиссия немесе айыппұл ұстайды. Соның салдарынан клиент алатын сома нарықтық бағадан төмен болуы ықтимал.
Алтын құйма депозит немесе облигация сияқты тұрақты табыс әкелмейді. Пайда тек алтын бағасы өскен кезде пайда болады. Сондықтан оны қысқа мерзімді табыс табу құралы емес, жинақты ұзақ мерзімге сақтаудың консервативті тәсілі ретінде қарастырған дұрыс.
Мұндай құрал тәуекелі төмен, қаражатын бірнеше жыл ұстай алатын және активін қолмен ұстап сақтағысы келетін азаматтарға көбірек сәйкес келеді. Ал қысқа мерзімде ақша қажет болуы мүмкін адамдар үшін банк салымы, облигация немесе өтімділігі жоғары басқа қаржы құралдары ыңғайлы болуы мүмкін.
Материал ақпараттық мақсатта дайындалды және инвестициялық кеңес болып саналмайды. Алтын сатып алу туралы шешімді әр адам өз қаржылық жағдайын, тәуекелін және сақтау мүмкіндігін бағалап барып қабылдағаны дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







