Қазақстанда әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігін кешіруге арналған алғашқы амнистия жобасы дайындалып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, жаңа бастама аясында қазақстандықтарға бірнеше миллиард теңге көлеміндегі айыппұл мен өсімпұл кешірілуі мүмкін. Әңгіме негізінен қоғамға аса қауіпті емес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы болып отыр.
Депутаттың сөзінше, есептен шығарылатын айыппұлдардың шамамен 90 пайызы Ішкі істер министрлігі салған әкімшілік жазаларға тиесілі болуы ықтимал. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережесіне қатысты жеңіл бұзушылықтар.
Мәселен, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану секілді құқық бұзушылықтар амнистияға ілігуі мүмкін. Сонымен бірге тек негізгі айыппұл ғана емес, оған жиналған өсімпұл да кешірілуі ықтимал.
Алайда адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтар амнистияға кірмейді. Қызыл жарыққа өту, жылдамдықты асыру, көлікті мас күйде басқару сияқты әрекеттер бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия болмақ. Бұған дейін елде әкімшілік айыппұлдарды жаппай есептен шығаратын мұндай тетік қолданылмаған.
Мәжіліс заң жобалары пакетін қазіргі сессия аяқталғанға дейін қабылдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар билік қылмыстық амнистия жобасын да әзірлеп жатыр. Ол қылмыстық теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасаған азаматтарға қатысты болуы мүмкін. Негізгі шарт – келтірілген залалды толық өтеу.
Ал ауыр және аса ауыр баптар бойынша толық босату қарастырылмайды. Дегенмен кей жағдайда жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.
Жаңа амнистияның мәні – жеңіл құқық бұзушылықтар бойынша азаматтарға мүмкіндік беру, бірақ жолдағы қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін әрекеттерге жеңілдік жасамау. Сондықтан бұл бастама бір жағынан әлеуметтік жеңілдік болса, екінші жағынан тәртіп пен жауапкершілік шекарасын нақты ажыратуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







